Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жер дауы: Павлодарда әуежай маңындағы учаскелер заңсыз жеке меншікке берілгені анықталды

Павлодарда жерге қатысты үлкен жанжал өршіп тұр. Әуежай маңындағы учаскелер заңсыз деп танылды. Тиісінше, ол жерге салынған үйлердің де құжаты заңды емес. Прокурорлардың айтуынша, құрылыстар әуе қатынасына үлкен қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия бірінші” арнасына сілтеме жасап.

Павлодарлық аэродром маңында 15 жыл бұрын жеке құрылыс үшін 140 жер телімі бөлінген шағын аудан орналасқан.  Ең жақын учаскеге дейін – 1 км-ден аз. Павлодар шенеуніктері мұны әуежай комиссиясының келісімінсіз жасаған. Прокурорлар заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарды.

Еске салайық, 2019 жылы Bek Air ұшағымен болған қайғылы оқиғадан кейін Қазақстандағы әуе порттарының жанындағы тұрғын үй құрылыстарын тексеру басталды. Сол кезде мамандар, егер ұшақтың жолында екі қабатты коттедж болмаса, адамдар өлмес еді деп мәлімдеді.

"Мемлекеттік уәкілетті органдар ЖТҚ-1А шағын ауданында орналасқан жер учаскелеріне түгендеу жүргізуге, ал меншік иелері мен жер пайдаланушылар әуежайдың тұрақты жұмыс істейтін комиссиясымен келісу рәсімінен өтуге міндетті", – деді қала прокуратурасының қоғамдық мүдделер құқығын қорғау бөлімінің бастығы Руслан Нұрғалиев.

Зейнеткер Мәнсия Шаиргалинаның отбасы банктен несие алып, үй салып қойған. Учаскені 400 000 теңгеге сатып алып, үйге электр қуатын тартуға тағы 1 млн теңге жұмсаған. Барлық қажетті құжаттар қолында бар.

“Әкімдік кінәлі. Біз бұл жерді рұқсатсыз алып, оған үй салған жоқпыз! Бізге барлық құжаттар берілді, рұқсат берілді, біз учаскені сатып алдық. Біз ештеңеге кінәлі емеспіз. Енді біз көшеде қалуымыз керек пе?", – дейді зейнеткер.

Жалпы ұшу-қону жолағынан төрт шақырымнан кем радиуста кез келген құрылысқа заңмен тыйым салынады. Әуежай әкімшілігі енді не істерін білмейді.

"Қаулыда жазылған: бізге келеді, біз шешім шығарамыз. Ұшу қауіпсіздігіне не қатер төндіруі мүмкін, не қауіп төндірмейді", – деді "Павлодар әуежайы" АҚ пайдалану бөлімінің бастығы Виталий Южаков.

Қазір әуе айлағына жақын жерде қауіпті болған үйлердің жағдайы белгісіз.

"Осы жер учаскелерін беру кезінде Кенжекөл ауылдық округі аумақтық жағынан Павлодар облысының Павлодар ауданының жерлеріне тиесілі болды. Қалған учаскелердің иелерімен осы учаскелерді әуежай комиссиясымен келісу қажеті туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. БАҚ арқылы ақпарат пен хабарландырулар тұрақты негізде жарияланды", – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова.

Бастапқыда 145 учаске құрылысқа берілді, олардың көп бөлігі мемлекетке қайтарылды. Қалған 53 учаскенің бесеуінде ғана үй толық салынған. Қалған иелер тек іргетасты көтерген. Шенеуніктердің 15 жыл бұрынғы өрескел қателіктері үшін ешкім жауап бергісі келмейтіні анық.

Талқылау