Жемқорлық күдігіне ілінген экология вице-министрі мен "Оператор РОП"-тың басшысы 2 айға қамауға алынды
Сот сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "Оператор РОП" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевті қамауға алу туралы санкция шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сот отырысы 27 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында өтті. Күдіктілерге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Қалалық соттың мәліметінше, сотқа дейінгі тергеудің басқа деректері жария етуге жатпайды.
Пірімқұлов 2019 жылдың шілдесінен бері вице-министр қызметін атқарды. Ол өз қызметінде қалдықтарды өңдеу туралы мәселелерді қарастырған.
Құмарғалиев 2019 жылдың қарашасында "Оператор РОП" жеке компаниясының басқарма төрағасы болды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың наразылығын тудырған аталған компанияның жұмысына шектеу қойған болатын.
- Утильдік алым мөлшері өзгерсе, көлік арзандай ма: Сарапшылар жауап берді
- "181 миллиард теңгенің қайда кеткені белгісіз": Утилизациялық алым жинауға мораторий жариялау ұсынылды
Бұл компания утиль алыммен айналысқан, яғни болашақта автокөліктерді кәдеге жаратуға жұмсалатын бір реттік төлемдерді жинап келген. Тоқаев мұндай төлемдерді жинаумен жеке компания емес, мемлекет айналысуы керектігін айтқан. Сонымен қатар ол утиль алымының мөлшерін халықпен талқылау барысында қайта қарауды тапсырды.
Осыдан кейін үкімет "Оператор РОП" ЖШС-нің утиль алымдарын жинау және жиналған ақшаны кәдеге жарату бойынша қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Утиль алымдарды жинау есебінен құрылған автивтердің барлығы мемлекеттің меншігіне өтті.
Бұған дейін Құмарғалиевтің қарамағындағы қызметкерлердің бірі - Руслан Шәмшиевтің қайтыс болғаны туралы да хабарланған болатын. Алдын ала болжам бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Шәмшиев 2021 жылдан бері "Оператор РОП" құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарған.