Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Желтоқсанда 50 жасқа толатын еді": Оралда басына кірпіш түскен әйелдің өліміне кінәлілер іздестіріліп жатыр

Оралдық полицейлер басына кірпіш түсіп, көз жұмған қала тұрғынының өліміне кінәлілерді іздеп жатыр. Жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан 50 жастағы әйелдің басына кірпіш құлаған. Сол сәтте тіл тартпай кеткен марқұм саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған екен. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Гулнар Нурашева

“Педколледже сабақ беріп жүрген. Жүгіріп жүрген оқытушы, ауырған жоқ, жатқан жоқ. Басына кірпіш құлағанда сол жерде жан тапсырған деп естідік, жанымыз түршікті”, – дейді марқұмның әріптесі Шалқыма Құрманәлина.

27 қарашада педагогика колледжінде аяулы ұстаз Гүлнәр Нұрашевамен қоштасу өтті. Директордың орынбасары қызметін атқарған ол желтоқсан айында 50 жасқа толады екен. Полиция оқиға тапа-тал түсте қаланың орталық көшесінде болғанын айтады. Төрт қабатты бірнеше үйдің жанынан жаяу жүргіншілер жолы өтеді екен. Бірақ Гүлнәр Нұрашева қаланың басқа шетінде тұрады. Бұл жерге жеке шаруасымен келген. Сол жерден өте бергенде шатырдан басынан кірпіш құлап түскен. 1960 жылдары салынып, ешқашан күрделі жөндеу көрмеген үйдің шатырында кірпіштер шашылып жатқан. Оны біреу әдейі лақтырды ма, әлде өздігінен құлады ма, оны полиция анықтайды.



“Осы үйлерде орналасқан дүкен, ломбард қызметкерлері бұған дейін де талай кірпіш құлағанын айтады. Әйтеуір адамдар аман болатын. Енді, міне, адам ажал құшты. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сот медициналық сараптама тағайындалды”, – дейді Орал қаласы Абай полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Аслан Аймұханов.

Еске салсақ, бұған дейін Оралда көшеде кетіп бара жатқанда әйелдің үстіне кірпіш құлап, көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау