Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Президент боламын". Түркістандық 4 жасар математик есепті оңай шығарудың тәсілімен бөлісті

Жақында желіде Ислам есімді баланың сандарды бір-біріне оңай қойып, жылдам есептеп жатқан видеосы тарады. Оның сұраққа кідірместен, ең бастысы дұрыс жауап бергені көпті қайран қалдырды. Есепке жүйрік Ислам Көпбай “Астарлы ақиқат” бағдарламасына келіп сұхбат берді. Бағдарлама жүргізуші Дина Төлепберген Исламнан есепті жылдам шығаруының құпиясын сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Сюжеттен кадр

Бағдарлама жүргізушісінің “Маған мұның құпиясын ашып берші. Бұлай жылдам есептеуді қайдан үйрендің? Менің де сен сияқты есеп шығарғым келеді” деген сауалына: “Мен ылғи ойланып отырамын. Калькуляторды ашып, сандарды қосасың. Соған қарап тез үйреніп аласың”, – деп жауап берді.

Ислам қосу, көбейту, азайту таңбаларының қалай белгіленетінін айтып берді. Бүлдіршін көбейту кестесін де жатқа білетін көрінеді. 

Жүргізуші мен сарапшылардың қойған сұрақтарына мүдірмей жауап берген бүлдіршін математик Хасен Мұқамадидің сауалына келгенде кібіртіктеп, жауап бере алмай қалды. Тосыннан қойылған қиындау сұраққа жауап таппаған Ислам “Сен есеп емес, сұрақ қойдың” деп ренжіп, жылап қалды.

Көп бүлдіршінге қойылатын “Өскенде кім боласың?” деген сауал Исламға да қойылды. Бүлдірші ойланбастан “мектеп директоры боламын” деп жауап берді. 

“Кітап оқимын. Өйткені ол пайдалы. Мектеп директорынан кейін Президент боламын. Мен ағылшын тілінде санай аламын”, – дейді Ислам.

Талқылау