Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде полицейлерге "хаттама толтыру бойынша жұмысты күшейту" тапсырылғаны түсірілген видео тарады

Желіде полицейлердің белгілі бір хаттама толтыру бойынша жұмысты күшейту керегі айтылған видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланған видеодан полиция қызметкерлерінің бір ер адамды ұстап, онымен сөйлесіп тұрғанын байқауға болады. Сол сәтте рациядан хаттамаға қатысты сөз айтылады. 

"Хаттамалар бойынша жұмысымызды барынша күшейтеміз. Әсіресе әкімшілік...", - дейді рациядан естілген дауыста. 

Журналист Михаил Козачков видеоның Алматыдағы прокуратура ғимаратында түсірілгенін жазды. 

"Бірақ ең қызығы бұл емес. Ең қызығы, сол сәтте рациядан естілген дыбыс. Олар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды көбірек жасау керек дейді. Меніңше, үкіметтің экономикалық блогы төтеп бере алмай отыр. Сондықтан полицияға бюджетті толықтыру тапсырылған. Жалпы, көлік жүргізу кезінде абай болыңыз, ережені бұзбаңыз", – деп жазды Козачков.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, желіде тараған полиция қызметкерлеріне қатысты жағдай, хаттама толтыру туралы мәлімет шындыққа жанаспайды.

"Полиция қызметкерлерінің жұмысындағы негізгі басымдық – ресми көрсеткіштерді орындамай, қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті және азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету.  Егер кімде-кімде нақты фактілер немесе заңбұзушылықтар туралы дәлелдер болса, оны Ішкі істер министрлігіне, Ішкі істер департаментіне жолдауыңызды немесе 1402 сенім телефонына хабарласуыңызды сұраймыз", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін мәжілісте "Ақ жол" партиясының депутаты Азат Перуашев елдегі айыппұлдарға шүйліккені туралы жазған едік. 

Талқылау