Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Желіде қастандық жасалған Берденовтің ауруханадағы фотосы пайда болды

Фото: Марғұлан Сейсембайдың Facebook-парақшасы

Желіде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің қастандықтан кейінгі ауруханада жатқан фотосы пайда болды. Фотоны белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай Facebook-парақшасында жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кәсіпкердің айтуынша, Шымкентке сапары барысында ол қазір Руслан Берденов жатқан ауруханада болып, жараланған әкім орынбасарына барды. Айтуынша, Берденов өзін жақсы сезініп, айығып жатыр.

"Руслан Берденов – өзім танитын және оның адалдығы үшін сыйлатын жалғыз саясаткер. Жақында оған қастандық жасалды, бірақ, Құдайға шүкір, ол аман қалды. Қазір оның денсаулығы жақсы, көңіл-күйі көтеріңкі. Бәрі ойдағыдай болғанына өте қуаныштымын!" — деп жазды Марғұлан Сейсембаев.

Фото: Марғұлан Сейсембайдың Facebook-парақшасы

Еске салсақ, 22 сәуірге қараған түні Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны туралы ақпарат тарады. Ол  жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді.  Оған шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласындағы былықтармен байланыстырды. Кейінірек әкімдік өкілдері шабуыл жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.

22 сәуірде Руслан Берденовке қастандық жасаған деп күдіктелгенЕрнар Жиенбай туралы деректер тарай бастады. Онда Жиенбай Берденовті қызметінен босатпақ болғаны үшін кек алу мақсатында атқаны айтылған.

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа не себепті пікір білдірмей отырғаны белгілі болды. Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің сөзінше, Ғабит Сыздықбековтің және оның орынбасарларының осы күнге дейін ешқандай мәлімдеме жасамауының себебі – тергеудің басталуы. Ол бұл қылмыстық оқиғаға қатысты барлық ресми ақпаратты тек полиция беретінін атап өтті.

Кейін Ернар Жиенбайдың әкесі ресми мәлімдеме жасап, тергеу мен сот әділ түрде істің барлық мән-жайын анықтайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар халықтан асығыс қорытынды жасамауды және эмоцияға берілмеуді сұрады.

Бас прокуратура өкілдері істі Шымкент қаласының полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлады. Тергеу Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысты істеуге оқталу) және 99-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу) бойынша жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 09 Мамыр, 2025 15:41
Талқылау