Желіде Бишімбаевтың адвокаттарының жеке фото-видеоларын таратқандарға қандай жаза қарастырылған – Заңгер түсіндірді (видео)
Желіде әйелін өлтірді деп айыпталған Бишімбаевтың ісі бойынша сотталушының адвокаттарының жеке фото-видеолары тарап кеткен. Желі қолданушылары аса ауыр қылмыс жасаған адамды қорғады деп адвокаттарды сынға алды. Алайда адвокат Дайана Дүйсенбекова бұл дұрыс емес екенін және осы үшін желідегілер жаза алуы мүмкін екенін де ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Барша қазақстандық Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша сот отырысын тікелей эфирден бақылап, өз бағаcын беріп жатыр.
Сотталушы тарапты Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжанов және Лейла Рамазанова қорғап жатыр. Желі қолданушылары олардың Бишімбаевты қорғағанына қарсылық білдіріп, сынға алды. Олардың жеке фотолары мен караокеде ән шырқаған видеоларын тауып алып, таратып жатыр. Сондай-ақ олардың тарапына түрлі қорлайтын әзілдер жарияланған.
@zhakiti_fan #бишимбаев #бишимбаевубийца #салтанатнукенова #кусаинова #рамазанова #тату ♬ Нас не догонят - Music ❤️🩹
Заңгер Дайана Дүйсенбекова мұндай сындардың орынсыз екенін және кез келген адам қорғалуға лайық екенін айтты.
“Бұл – адвокаттардың жұмысы. Олар істі тастап, қорғаудан бас тарта алмайды ғой. Сынды олардың кәсібилігіне айтса жөн, ал қазіргісі конструктивті сын емес. Жеке мұрағаттарды ақтарып, олардың түр-келбетін, өмірлік ұстанымдарын сынау өте орынсыз. Желі қолданушыларына ескертетін нәрсе – бұл үшін жауапкершілік бар.
Бишімбаевтардың адвокаттары да, қарапайым халық та әлеуметтік желіде қорлыққа ұшыраса, дәлірек адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсітетін жағдайға ұшыраған кезде қылмыстық кодекстің 131-бабы 1-тармағы “Қорлау” бойынша полицияға арыздана алады немесе азаматтық сотқа бірден жүгіне алады. Азаматтық кодекстің 951-бабы “Моральдық зиянды өтеу” бойынша моральдық өтемақыны сот арқылы өткізе алады”, – деді ол.
Сөзінше, мұндай әрекет үшін 100 АЕК (369 200 теңге) немесе 120 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады.
Заңгер халықтың ашық сот отырысына деген қызығушылығына, немқұрайлы қарамауына оң көзбен қарайды. Десе де, сын немесе ауыр айып таққан кезде абай болу керек деп ескертті.
“Судьяға қатысты та алғашында түрлі пікірлер айтыла бастады. Алайда еш дәлел-дәйексіз ондай пікір айту да қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Қылмыстық кодекстің 411-бабы “Конституциялық соттың судьясына, судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу” бойынша іс қозғалуы мүмкін”, – деді ол.
@auntukhib Часть 2😂😂😂😂#салтанат #нукенова #салтанатнукенова #бишимбаев #суд #астана ♬ оригинальный звук - Aunt
Еске салсақ, бұған дейін республикалық адвокаттар алқасының президиумы Бишімбаевтың қорғаушыларына қысым көрсетуді тоқтатуды талап еткен еді.