Жазатайым оқиғалар Қарағандыда көп болған: 2024 жылы Қазақстанда қанша қызметкер жұмыс орнында көз жұмды
Қазақстанда бір жылда жұмыс орнында 202 адам қаза тапты. Stan.kz редакциясы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен 2023-2024 жылдары кәсіпорында жарақат алған жұмысшылар туралы сұрап білді.
Фото: chiropractorphilippines.ph
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәлімдеуінше, 2024 жылы жұмыс орнында зардап шеккендер саны азайған. Мысалы 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің кәсіпорындарында 1408 адам зардап шексе, 2023 жылы 1474 адам жарақат алған. Яғни бір жылда 4,5% азайды.
2023 жылы 251 жұмысшы қызмет орнында мерт болса, 2024 жылы 202 адам қаза тапты. Бір жылда 18,5% азайды.
Жұмысшылары зардап шеккен өңірлер
Қарағанды облысында қызметкерлердің жұмыс кезінде жарақат алу деңгейі ең жоғары екен. 2024 жылы онда 159 адам зардап шекті.
- Қарағанды облысы (159 адам);
- Шығыс Қазақстан облысы (124 адам);
- Алматы қаласы (116 адам)
- Павлодар облысы (112 адам)
- Абай облысы (101 адам);
- Қостанай облысы (91 адам);
2024 жылдағы статистикаға қарай ең қауіпті жұмыс орны – тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорны.
Жазатайым оқиғалар тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында 18% және құрылыс саласында 10%, коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында 5,6% байқалады.
Жұмыс орнында жазатайым оқиғаға әкеп соғатын ең негізгі себеп – жұмыс өндірісін жеткілікті түрде ұйымдастырмау. 35,4% жағдайда осы себептен болады. Одан кейін 31% жағдайда жәбірленушінің өзінің абайсыздығы әсер етеді.
Одан бөлек себептер:
- Автожол жүрісі қағидаларын бұзу (8,2%);
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,6%);
- Қауіпсіз еңбек тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер (5,4%).
Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан мүгедек болған не зардап шеккен адамдарды әлеуметтік қорғау мақсатында бірнеше төлем көзделген. Мүгедектік тағайындалған жағдайда республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар беріледі.
Одан кейін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем төленеді.
Сондай-ақ жәбірленуші "қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" заңына сәйкес сақтандырылған болса, сақтандыру компаниясы зиянды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асырады.