Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жайық пен Каспийде браконьер-балықшылар ұсталды: 12 қылмыстық іс қозғалды

Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің, ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің қатысуымен Жайық-Каспий бассейні аумағында “Бекіре” акциясын өткізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Шараға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары полиция департаменттері мен батыс өңірлік көлік полициясының 300-ге жуық қызметкері және 28 техникасы, оның ішінде бес жүзу құралы, сондай-ақ ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды.

Акцияның мақсаты – браконьерлік және балық өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтап, жолын кесу.

“10 күнде 72 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 10 заңсыз өндіру фактісі, екі сатып алу немесе өткізу, балық және балық өнімдерін тасымалдаудың бір фактісі бар.

12 қылмыстық іс қозғалды. 60 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, екі миллион теңгеден астам сома айыппұл өндірілді. Құқық бұзушылардан 1,5 тоннаға жуық балық, оның ішінде 48 келі бекіре және 3,5 келі уылдырық тәркіленді.

Мысалы, Ақтауда автокөлік тоқтатылып, салоннан екі пластик шелекте тиісті құжаттары жоқ, салмағы бір келі бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы табылды. Одан бөлек Каспий теңізінің жағасында моторлы қайықтан тоғыз дана көксерке балығы және екі дана бекіре балығы табылып, тәркіленді. Осы бағытта жұмыс жалғасып жатыр”, – деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Төлеубай Мұхамадиев.

 

Бұған дейін Алматы облысында 17 миллион теңгенің балығын заңсыз аулаған браконьерлер құрықталған еді. 

Полиция таратқан ақпаратқа сүйенсек, топ Іле өңіріндегі Сорбұлақ көлінде балық ұстаған. Топтың құрамында 21 мен 45 жас аралығындағы он бір адам болған.

Талқылау