Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жаппай айыппұл салуды көздемейміз”: Ішкі істер министрі көлікті 5 минут қыздыруға қатысты айтты

Ішкі істер министрі Ержан Саденов полицияға қазақстандықтарды көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін жаппай айыппұл салу туралы тапсырма берілмегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: shutterstock.com

Ішкі істер министрі депутат Серік Ерубаевтың депутаттық сауалына жауап берді. Депутат желіде тараған полиция қызметкерлеріне "күніне кемінде бес айыппұл салу" және "әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша көбірек хаттама толтыру" тапсырылғаны көрсетілген видеоларға наразылық білдірген еді.

"Аталған видеолардағы оқиғалар Алматы қаласы мен Жамбыл облысының полиция басқармаларында орын алған. Көрсетілген фактілер бойынша министрлік дер кезінде қызметтік тексерістер жүргізіп, кінәлі қызметкерлерді қатаң жауапкершілікке тартты. Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтардың анықталуына қатысты ешқандай болжам жасамайды. Көптеген құқық бұзушылықтарды камералар мен автоматтандырылған жүйелер тіркейді", – дейді министр.


"Қыздыруға 5 минут жеткілікті": Экология министрі өз көлігімен тәжірибе жасап көрсетті (видео)


Министр көлік қозғалтқышының бір орында 5 минуттан артық оталып тұруына тыйым салынатынын растап, егер бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, шектеу шаралары қолданылатынын атап өтті.

"Бұл ретте ішкі істер министрлігінің органдары азаматтарға бұл құқық бұзушылық бойынша жаппай айыппұл салуды көздемейді. Аталған бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс тек азаматтардан шағым түсіп, құқық бұзушылықтың дәлелі болған жағдайда ғана қозғалады. Қазіргі уақытта министрлік жол қозғалысы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатыр", – деді Саденов.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынатыны туралы жазған едік. Депутаттар аталмыш айыппұлды алып тастауды талап етті. 

Талқылау