Жапониядағы жойқын жер сілкінісі: Құрбандар саны 62-ге жетті
Бүгінгі таңда табиғи апат салдарынан құрбан болған саны 62-ге жетіп, жүздеген адам зардап шекті, деп хабарлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аstanatv.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір Жапонияда іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Қуаты 7,6 баллдық жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны күн сайын өсуде. Үйлер құлап, ғимараттар өртеніп, жолдар бұзылған. Салдарынан құтқару жұмыстары қиындап отыр. Дүмпу қайталануы мүмкін деген қауіп әлі сейілген жоқ.
Ал цунами қаупі туралы дабыл тоқтатылды. Жойқын зілзала құрбандарының саны әлі де өсуі мүмкін. Себебі құтқарушылар табиғи апаттан зардап шеккен аудандарға жете алмай отыр.
Ең көп зардап шеккен аймақ – Ното түбегі. Түбектегі Суджи қаласында болған 7 балдық жер сілкінісінің салдарынан үйлердің шамамен 90%-ын қирап, жол жарамсыз болып қалды. Осыған байланысты көмек түбектің солтүстік бөлігіне жете алмайды, бұл жерде жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін.
Жапонияға саяхаттап келген Джонни Вудың ұялы телефонына табиғи апат туралы хабарлама келген екен. Іле-шала хабарламадан соң жер асты дүмпулері бірден басталғанын айтады.
"Жергілікті билік жағдайды өте қауіпті деп атады. Жер сілкінісінің толық ауқымы әлі белгісіз. Сонымен қатар жергілікті билік тұрғындарды көшкін қаупі туралы ескертеді. Үйінділерді тазалау үшін өрт сөндірушілер мен әскерилер тартылды", – деп айтты Джонни Ву.
Жапония премьер-министрі Фумио Кисида жер сілкінісінен бері 40 сағаттан астам уақыт өткенін және зардап шеккендерді құтқару үшін уақытпен жарысып жатқанын айтты.
"Бүгін іздестіру-құтқару отрядтарының санын 1000-нан 2000-ға дейін арттырамыз, құтқарушы иттердің саны да екі есе көбейеді. Жапонияда қуаты 7,6 баллдық зілзала дүйсенбіде болды. Дүмпу ошағы Исикава префектурасындағы Ното түбегінде анықталған. Ғимараттар құлап, жолдар опырылды. Теңізде алып толқын көтерілген. Цунами биіктігі 1 метрден асты. Одан кейін лай көшкіні жүрген. Ондаған мың адам электр жарығынсыз қалды. 100 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліп, спорт залдары мен мектептерге орналастырылды", – деді Жапония премьер-министрі.
Еске салайық, бұған дейін Жапонияда қуатты жер сілкінісі болғаны туралы хабарлаған едік. Жер сілкінісінің эпицентрі Ното түбегінде болды. Ошақ 10 шақырым тереңдікте жатты. Reuters агенттігінің мәліметінше, магнитудасы 7,6 балл жер сілкінісі Жапон теңізінің жағасында биіктігі 1 метрге жететін толқын тудырды.