Қонаевта бір топ мектеп оқушыcы қатарласын аяусыз соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады
Қонаевта 9-сынып оқушысын өз құрдастары көпір астында ұрып-соққаны туралы ақпарат тарады. Жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, құқық қорғау органдары істі тергеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Болған жайтты журналист Гүлмира Әбіқай мәлімдеді. Оның айтуынша, Қонаевқа кіре берістегі көпір асты жасөспірім мектеп оқушыларының сүйікті жеріне айналған. Онда олар үнемі төбелесіп, жекпе-жек ұйымдастырып, ішімдік ішеді екен.
“Бір күн бұрын қалың топ дәл осы көпірдің астында тоғызыншы сынып оқушысын соққыға жыққан. Оқиғадан кейін мектеп оқушысы жансақтау бөліміне жатқызылды”, – деп жазды журналист.
Алматы облысының білім басқармасы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрғанын хабарлады. Ал полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
“Бүгін мектеп оқушысына психологиялық көмек көрсетілді. Жасөспірім ауруханада емделіп жатыр, жағдайы тұрақты", – делінген хабарламада.
Оқиғаға қатысты тергеу ісі облыстық білім басқармасының бақылауында.
Кейіннен Қонаев қаласының әкімдігі кәмелетке толмаған оқушыны құрдастары аяусыз ұрып-соқты деген ақпаратты жоққа шығарды. Ақпарат бойынша, жасөспірім ауруханаға антисептикке уланып түскен.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады