Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемдегі ең үздігі ме? Қазақстандық вакцинаның 96%-ға тиімді екені айтылды

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында отандық вакцинаның сапасы туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

"Қазір биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық вакцина шығару мәселесі қарастырылып жатыр. Біз тестілеудің екінші кезеңі аяқталғанын білеміз. Және ол сәтті өтті. Отандық вакцинаның тиімділігі 96% деген ақпарат бар. Енді Үкімет, Денсаулық сақтау және Білім және ғылым министрлігі отандық вакцина өндірісін бастау мәселесін реттеп жатыр.Сынақтан өткізудің үшінші кезеңі Тараз бен Алматыда өтеді. Тіркеуден кейін оның өнеркәсіптік өндірісі басталады", - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ, Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы вакцина салдыруға дайын екенін атап өтті.

"Мен коронавируспен ауырдым. Енді дәрігерлермен кеңесемін, егер иммунологтар вакцина салдыруға рұқсат берсе, онда мен де коронавирусқа қарсы екпе аламын", - дейді қаланың бас санитар дәрігері.

Еске салайық, 4 желтоқсан күні премьер-министр президентке клиникалық сынақтың 1 және 2-кезеңі аяқталғанын мәлімдеді. Асқар Маминнің айтуынша, вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелді. 25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақ 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады.

Осылайша, қазақстандық вакцина әлемдегі ең тиімді вакцина бола алады. Бұған дейін Moderna Inc. эксперименттік мРНҚ-1273 вакцинасының тиімділігі 94,5% болғанын хабарлады. Америкалық Pfizer компаниясы мен немістің BioNTech компаниясының бірлескен вакцинасының тиімділігі 95% құрады. Ресейлік Sputnik V вакцинасының тиімділігі 92% екендігі хабарланды. AstraZeneca вакцинасының соңғы сынақ нәтижелері оның тиімділігін 70,5% көрсетті.  

Талқылау