Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Карантиндік шектеулерге байланысты орын саны қысқарған: Қазақстандық студенттер жатақханаларға орналаса алмай жүр

Мыңдаған қазақстандық студенттердің алдынан баспана мәселесі көлденең шықты. Көптеген университеттер карантиндік шектеулерге байланысты жатақханада тұру орындарын қысқартуға шешім қабылдаған. Бұдан былай бір бөлмеде екі адамнан артық орналасуға болмайды. Кімнің мүмкіндігі басым және басқалары не істеу керек? Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар топтамасына сілтеме жасап хабарлайды.

Студенттер жатақханасының жаңа ережелері бойынша екі адамнан артық жиналуға болмайды. Бұрын төрт тіпті алты адам тұратын бөлмелерде қазір екеуден артық тұруға болмайды. Бұл дегеніміз, жаңа оқу жылында жатақханалардағы орындар екі есеге қысқарады. Қазақстан студенттері Альянсы президентінің айтуынша, пайданы жоғалтқысы келмейтін кейбір жоғары оқу орындары бөлмелердің бағасын қымбаттатып жіберген. 

"Түркістан қаласында орналасқан Ясауи атындағы ХҚТУ университетінде оқитын студенттер маған Instagram, WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы бұрын төрт адам тұрып келген орындарда енді екі ғана адам жайғаса алатынын, осыған байланысты бөлменің бағасын да қымбаттатып жібергенін айтып шағымданды. Шамамен 90 мың теңге шамасында", – дейді Қазақстан студенттері Альянсының президенті Ілияс Түсекбаев.



Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жалға берілетін тұрғын үй бағасы 20 пайызға өсіп кеткен. 1 қыркүйекке дейін баға тағы да қымбаттап кетуі мүмкін дейді жылжымайтын мүлік агенттігінде. Әдетте студенттер бірнеше адам топтасып пәтер жалдайды. Орташа алғанда, елордада студенттік "коммунаның" пәтері айына 130-дан 170 мың теңгеге дейін тұрады. 

Көбінесе баспана іздеп келген жастар алаяқтарға тап болып жатады. Пәтерді жылдам тауып беруге уәде ете отырып, арампиғылды агенттіктер қызметтері үшін төлемді алдын ала талап етеді. Білім іздегендер алғашқы төлемді жасайды. Бірақ ақырында ауа қармап қалады. Ақшаны тек пәтер иесіне ғана беру қажет деп ескертеді мамандар.

Еламан Кеңесбековтің айтуынша ешқашан бөтен біреуге ақша аударуға болмайды.

"Ақшаны тексерусіз аудармау қажет. Дұрысы жалға беруші арқылы. Бірақ бұл жерде де оның шынында пәтер иесі екеніне анық көз жеткізіп алған дұрыс. Егер ол адам үшінші тарап болса, онда оның қолында пәтер иесінің берген мемлекеттік сенім хаты болуы қажет", – дейді жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Еламан Кеңесбеков.

Студенттік жатақханаға орналасу кезінде грантқа түскен бірінші курс студенттеріне басымдылық беріледі. Ал бұл 56 мыңнан астам білім алушы. Екпе салдырған студенттердің де жатақханадан орын алуға мүмкіндігі жоғары.

Талқылау