Жамбыл облысында сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты іс сотқа жіберілді
Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты бірге борышын өтеген сарбаз күдікті деп танылды. Әскери прокуратурада сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің кінәсін дәлелдейтін материалдар жиналғанын мәлімдеді. Бұл істің нүктесін сот қояды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
"Екі сарбаз да бір бөлімде болған. Қателеспесем, Аманжолов Атыраудан, ал Қалбай Маңғыстау облысынан. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, туыстары лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту керегін айтқан. Бүгінгі таңда бөлім командирі қызметінен босатылды, өзге де лауазымды адамдар тексеріліп жатыр", – деді Бас әскери прокурордың аға көмекшісі Еркін Қожа-Ахмет.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда өзге де даулы істер тіргеліп жатыр. Мысалы, Жамбыл облысындағы "Сыпатай батыр" өткізу пунктінде 24 шекарашы пара алғаны үшін жауапқа тартылған.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде тексеріс аяқталған. Нәтижесінде 1 миллиардтан астам қаржы мемлекетке қайтарылды.
"Қорғаныс министрлігі – негізгі тапсырыс беруші. Индустрия министрлігімен бірнеше келісімшарт жасалған. Ол бойынша 1,2 миллиард теңге төленген. Алайда орындаушы өз міндетін орындамағандықтан, қаржыны қайтару бойынша шаралар қабылданды", – деп қосты Еркін Қожа-Ахмет.
Айта кетейік, Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қаза тапқан маңғыстаулық сарбаздың туыстары "қылмыс толық ашылмады" деп наразылық білдірген еді. Тергеуде бір ғана сарбаздың ісі сотқа жолданғалы жатыр екен. Ал отбасы қалған жауаптылардың да жазаға тартылуын қалайтынын мәлімдеген.