Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында комаға түскен сарбаз: Қорғаныс министрлігі зорлық-зомбылық фактісін растады

Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысында комаға түскен 19 жастағы сарбазға жасалған зорлық-зомбылық фактісін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: RFE/RL

Ведомствоның ресми өкілі Руслан Жанғұлин жігіттің ауруханада жатқанын айтты. Оның жағдайы тұрақты және ауыр деп бағаланып отыр.

"Қазір әскери қызметкер Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпитальда жатыр. Оған барлық қажет медициналық көмек көрсетілген. Әскери дәрігерлер мен басқа да мамандар оны тексеріп, барлық қажет шараны жүргізіп жатыр. Бүгінде оның жағдайы тұрақты және ауыр деп бағаланып отыр. Бірақ жақсару бар", – деді ол.



Руслан Жанғұлин бұл факті бойынша сержантқа қатысты тергеу басталғанын айтты.  Жангулиннің айтуынша, ол "қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған".

Айта кетейік, жарақат алған сарбаздың ата-анасы жас жігіт сержанттың аяусыз соққысынан кейін комаға түскенін мәлімдеді.

"Бүгінде әскери-тергеу органдары қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған әскери қызметкерге қатысты жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр", – деді Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қазір ауыр жағдаймен жансақтау бөлімінде жатқанын жаздық. Анасы Жанна Жаналина ұлын соққыға жығылған деп санайды. Дәрігерлер сарбаздың жағдайы ауыр екенін айтты. Нұржігіт әуелде басы айналып, жүрегі айнығанына шағым білдірген.

Анасының айтуынша, cарбазды 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға әскерилер алып келген. Сарбазға пневмония диагнозы қойылған. Ал Қорғаныс министрлігі әскери қызметкердің бастапқыда медицина орталығына жалпы әлсіздік және дене қызуының көтерілу шағымдарымен жүгінгенін хабарлады.

24 маусымда әскери қызметкер комадан шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі жан-жақты тексеруді тапсырды.

Талқылау