Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақыл-ойы кемістігін пайдаланып алдаған": Жамбыл облысында зорланып, жүкті болып қалған оқушының анасы 6 айдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр

зорланып жүкті болып қалған

Фото: Анасының жеке архиві

Жамбыл облысы Қордай ауылында бір топ ер адам 14 жастағы ерекше қажеттілігі бар қызды зорлап кеткен. Салдарынан жасөспірім жүкті болып қалған. Жәбірленушінің анасы жағдай мүлкі екенін айтады. Ол Stan.kz редакциясына жүгініп, әлі істің қаралмай жатқанын, кінәлілер жазаланбағанын айтып, дабыл қақты. 

Оқиға мамырда болған. Анасының айтуынша, ер адам қыздың психикалық ауытқуы бар екенін пайдаланып, оны алдап қонақүйге алып кеткен. Сол жерде топпен зорлаған дейді. Одан кейін жасөспірімді көлікпен көшеге әкеліп тастаған. Сол мезетте қызды бірнеше жігіт тағы ұрлап, дәретханада зорлағанын айтады. 

Жүкті болып қалғаннан кейін жасөспірімді Алматыдағы “Аналар үйіне” жатқызған. Алайда психикалық жағдайына байланысты оны бірнеше күннен соң шығарып жіберген.

4 мамыр қыздың анасы арыз жазып, жәбірленушімен сараптама жасатуға гинекологқа барған. Сонда 5 адамның биологиялық материалдары анықталды дейді. Алайда іс жылжымай жатқан көрінеді, күдіктілер қамауға алынбағанын айтады. 

Қазір ол жүктіліктің 15-аптасында. Денсаулығына орай жасанды түсік тастауға болмайды екен. 

“Қызым – 2-топтағы мүгедек. Қазір жүктілікті көтере алмай, қиналып жатыр. Ағзасы жетілмегендіктен, қатты токсикоз болып жатыр. Күнде жедел жәрдем шақыруға мәжбүрміз. Енді қызыммен ауруханадамыз. Тамырдан дәрі салып жатыр. Екі жаққа сандалып, шешімін таба алмай жатырмыз. Полиция да істі дұрыс тергемей отыр”, – деді қыздың анасы.

Әзірге тек бір адам ғана күдікті ретінде танылған. Енді олар Тараздан адвокат қажет деп отыр. Жәбірленуші тарап балалар уәкілі Динара Зәкиеваға да, Немолчи қорына да жүгінген екен. Сонда да іс созылып жатқанына наразы.

Stan.kz тілшісі қылмыстық іс бойынша Жамбыл облыстық полиция департаментіне сауал жолдады.

“Ананың кәмелетке толмаған қызына қатысты заңсыз әрекеттер туралы шағымынан кейін полиция дереу сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті тез арада анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Қазір бірқатар қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қылмыстық процеске қатысушылардың барлық дәлелі сараланды. Толық және жан-жақты тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Жамбыл облысында 14 жастағы қыз зорланғаннан кейін жүкті болып қалғаны айтылды. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 02 Желтоқсан, 2025 20:22