Ерікті зейнетақы жарналары: болашаққа бағытталған саналы таңдау

Фото жасанды интеллект көмегімен жасалған
Қаржылық сауат – тек табыс табумен шектелмейтін, адамның өз болашағы үшін батыл шешімдер қабылдап, қаржылық тұрақтылығын реттеуге саналы құлшынысы. Әсіресе, зейнет жасына жеткендегі өмір сапасы бүгінгі қабылданған шешімдерге тікелей байланысты. Осы орайда Қазақстанда енгізілген ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – әр азаматқа өз келешегін өзі қалыптастыруға мүмкіндік беретін тиімді құрал.
Ерікті зейнетақы жарнасын азамат зейнетақы қорына өз қалауымен қосымша аударады. Бұл міндетті зейнетақы жарналарынан бөлек жүзеге асырылады және ешқандай мәжбүрлеуді талап етпейді.
Өзге жарналардан айырмашылығы қандай?
Ерікті жарналардың басты ерекшелігі – еркіндік пен икемділік. Қанша қаражат, қашан және қандай жиілікте салатыныңызды өзіңіз шешесіз. Ай сайын тұрақты түрде немесе мүмкіндігіңіз болған кезде аударуға болады. Бұл жүйе қатаң тәртіпке емес, адамның жеке мүмкіндігі мен ниетіне негізделген. Жарналардың бұл түрін өзіңіз үшін де, жақындарыңыз үшін де, оның ішінде кәмелетке толмаған балалар үшін де аударуға болады.
ЕЗЖ-ның тағы бір маңызды ерекшелігі – қаражаттың инвестициялануы. Қорға түскен ақша сақталып қана қоймай, түрлі қаржы құралдары арқылы көбейтіледі. Бұл инфляцияның әсерін азайтып, жинақтың нақты құнын сақтауға мүмкіндік береді. Араға уақыт салып, аз-аздан жиналған қаражат айтарлықтай қомақты соманы құрауы мүмкін.
Ерікті зейнетақы жарналары – қосымша табыс көзі. Зейнетке шыққанда мемлекеттен берілетін төлемдермен шектелмей, өз жинағыңыздың да игілігін көресіз. Сонымен қатар қаржылық тәуелсіздікке жол ашады. Адам өз қажеттіліктерін өзі қамтамасыз етіп, жақындарына салмақ салмайды. Бұған қоса ЕЗЖ қаржылық тәртіп пен жоспарлау мәдениетін қалыптастырады. Тұрақты түрде ақша жинау әдеті адамның өмір сапасын жақсартады.
Қалай аударуға болады?
Ерікті зейнетақы жарналарын жүзеге асыру тетігі өте қарапайым. ЕЗЖ есепке алынатын шоттар, жарналардың барлық түрлері сияқты, зейнетақы қорына алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады, яғни БЖЗҚ бөлімшесіне арнайы барудың қажеті жоқ. Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжат деректемелері, тұрақты тұратын жері сияқты барлық қажет мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.
ЕЗЖ-ны екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ жұмыс берушіге өтініш беру арқылы аударуға болады. Өтініш негізінде қаражатты жұмыс беруші Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына көрсетілген тұлғаның пайдасына аударады. Осы жерде айта кететін маңызды жәйт, жұмыс берушінің БЖЗҚ-ға өз қызметкерінің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның (қызметкердің) табысы болып есептелмейді. Тиісінше, оған салық салынбайды. Ал жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі. Демек қызметкер де, жұмыс беруші де салықтық жеңілдікке ие болады.
ЕЗЖ бойынша зейнетақы төлемін қашан және қалай алуға болады?
ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін – 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен қатар олар мүгедектігі бар адамдарға, Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алуға өтінішті БЖЗҚ-ға тапсыру қажет. Өтінішті enpf.kz сайтындағы немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинет арқылы, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне келіп беруге болады. Ал биылдан бастап бұрын 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты ЕЗЖ төлеу туралы БЖЗҚ-ға өтініш бермеген зейнеткерлік жасқа толған тұлғаларға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін өтінішсіз тағайындау тәртібі енгізілді.
ЕЗЖ мөлшерін қалай анықтауға болады?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың қазыналы қарттыққа бағытталатын капиталын сауатты қалыптастыруы үшін көмекші құрал – Зейнетақы калькуляторы мен Дербес зейнетақы жоспарын ұсынады. Бұл құралдардың көмегімен зейнет жасында алғыңыз келетін зейнетақы көлемін есептеуге болады. Ал жинақтар көлемі жеткіліксіз болса, оларды ЕЗЖ есебінен толықтыру мүмкіндігі бар.
Аталған құралдарды БЖЗҚ-ның ресми сайтындағы онлайн қызметтер бөлімінен таба аласыздар.
Қорыта айтсақ, ерікті зейнетақы жарналары – бұл тек қаржы жинау емес, болашаққа деген жауапкершілікті сезіну. Бүгін жасалған шағын қадам ертең үлкен нәтижеге алып келуі мүмкін. Әр адам өз өмірінің сапасын өзі анықтайтынын ескерсек, ерікті жарналар – сол сапаны арттырудың тиімді жолдарының бірі. Уақытында басталған жинақ – уайымсыз қарттықтың кепілі.
Трактористен ұлт сөзін сөйлеген тұлғаға дейін: Мұхтар Шаханов кім және қандай ісімен есте қалды (видео)