Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Титаниктен" аман қалған адамның құтқарушы күртешесі 333 миллион теңгеге сатылды

құтқару күртешесі

Фото: Henry Aldridge & Son/PA

"Титаниктен" бірінші класты жолаушы Лаура Мейбель Франкателлиге тиесілі құтқару күртешесі аукционда 670 000 фунт стерлингке (шамамен 333 миллион теңге) сатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Irish Time сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аукцион Девайзде өтті. Бұл лот 1912 жылы Атлант мұхитында батып кеткен лайнерден қалған бірнеше құтқару күртешелерінің бірі болды.

Аукцион мәліметі бойынша, Франкателли айсбергке соғылғаннан кейін кемені тастап, құтқару қайығына мінген кезде құтқару күртешесін киген. Кейінірек ол басқа аман қалғандармен бірге күртешеге қол қойды. Шамамен 700 адам апаттан аман қалды.

Күртеше жеке коллекционер сатып алғанға дейін ондаған жылдар бойы Франкателли отбасында қалды. Құтқару күртешесінен басқа, құтқару қайығындағы жолаушының газеттегі фотосы және апат оқиғаларын сипаттайтын хатының көшірмесі де аукционға қойылды.

Аукционшы Эндрю Олдридж сатылым нәтижесі коллекционерлердің лайнер тарихына және оның жолаушыларына деген тұрақты қызығушылығын көрсететінін айтты.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 10:33