Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында екі жыл бұрын ашылған мектеп әлі бос қаңырап тұр

Жамбыл облысында екі жыл бұрын салтанатты түрде ашылуы болған жаңа мектеп әлі күнге дейін ешкім оқымай, қаңырап бос тұр. Өйткені оқу ордасының білім беруге заңды құжаты жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Жамбыл облысында ресми қабылданбаған мектептің ашылу салтанаты жасалған. Қалғұтты ауылының жұрты балаларының жаңа мектепке бара алмай, көрші ауылға қатынап оқып жүргеніне наразы. Шары тағылып, жалауы ілініп, әнмен әспеттелген шараға әкімдер қатысқан соң осы мектепке барады деп ойлаған. Аудан басшысы мен облыс әкімінің сол кездегі орынбасары салтанатты шарада мемлекеттен мол қаржы қарастырылғанын айтқан еді.

Алайда мектеп базалық жабдықтармен жабдықталмаған. Білім ошағында шеберхана, парта мен интерактивтік тақта, акт залы жоқ. Лицензиясы болмаған соң штат та жоқ. Мектептің заңды атауы да қойылмаған.

“Материалдық база жоқ. Әр кабинетте интерактивтік тақта, принтер, компьютер болу керек. Сондай-ақ парта мен орындықтары жоқ. Шамамен 500-ге жуық нәрсе жоқ. Робототехника кабинеті, зертхана жоқ”, – деді мектеп директорының міндетін атқарушы Айжан Өтепова. 

Мектеп 2020 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Құрылысы кешігіп, оқу орны келер жылы ашылған. Бірақ әлі күнге дейін ешкім оқымайды. 

“Мына мектептің салынғанына 3 жыл болды. Не үшін ашылмай жатқанын білмейміз. Үкімет бекерге заңсыз түрде не үшін салады? О баста оқушыларды ойламай ма, соншама қаражат кетті”, – деді қалғұттылық Кәмшат Сағидоллаева. 

Екі жылдан бері мектептің лицензиясыз тұрғаны үшін аудандық шенеуніктерді облыстық білім сапасын бақылау департаменті екі рет сотқа берген. Екеуінде де кемшіліктерді түзетуге мерзім беріліп, әкімшілік айыппұл салынған. Алайда әлі түзету енгізілмеді.

“Құжаттардың бәрі дұрыс деген кезде біз комиссияға салып, құжаттарды өз көзімізбен көреміз. Бірақ біз оған әлі жеткен жоқпыз. Кезінде проектіні қабылдағанда, ол экспертизадан қалай өтеді? Олай болатын болса, экспертизадан да өтпеу керек еді”, – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаев.

Мемлекеттің миллиондаған қаржысына салынған мектеп осылайша кәдеге жарамай, үш жылдан бері мәселесі шешілмей тұр.

Талқылау