"Ақшаны өзімнен сұрағанда, қарыздансам да тауып беретін едім ғой": Жамбыл облысында көз жұмған сарбаздың әкесі ұлының өлімі жайлы
Атырау облысының тумасы Бекбол Мираш Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп, көз жұмған болатын. Оның өліміне күдікті адам ұсталды. Марқұмның әкесі, 45 жастағы Досбол Қожахметовке басшылық бастапқыда "дос қызымен ренжісіп, сосын суицидке барған" деп айтқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” басылымына сілтеме жасап.
Бүгінде күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Оның үстінен ҚР ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша іс қозғалған.
Әкесінің айтуынша, Бекбол ұялы телефон арқылы үй ішімен жиі хабарласып тұрған. Көңіл-күйі әрқашан жақсы болып жүрген.
“Бірақ қайғылы оқиғадан екі күн бұрын сөйлескенінде дауысы бәсең, біртүрлі көрінді. "Ұлым не болды, көңіл-күйің жоқ қой, ауырып қалдың ба?" деп сұрадым. "Папа, ұйқтап қалыпппын, содан болар. Менде бәрі жақсы" деді қысқа ғана жауап қайтарып. Дегенмен өзім де мазасызданып, неге жорырымды білмедім. Күдігім алдамапты, екі күннен кейін қаралы хабар жетті. Сенгенім жоқ, ол өздігінен өзін өлімге қиятын жан емес еді. Мүрдеханадан баламның денесінен арқа жағы мен бүйір тұсынан көгеріңкіреген із көрдім, бірақ дәрігер қан ұю салдарынан болған деді. Ал мойнында із тұрды, - дейді Досбол Қожахметов.
Досбол Қожахметовке басшылық бастапқыда "дос қызымен ренжісіп, сосын суицидке барған" деп түсіндірген көрінеді.
“Енді, міне, қылмыстық іс қозғалғаннан кейін оған қысым жасалғаны анықталып, өзін-өзі өлтіруге итермелеген күдікті қамауға алынды. Мұның ақша бопсалаумен байланысты екенін мүлде жоққа шығармаймын. Арасында дүкеннен керек-жарағыңды аларсың деп, азғана ақша салып тұратынбыз. Ал қазір Бекболдың таныстарынан, сыныптас достарынан 15-20 мың көлемінде жиі ақша сұрағанын біліп отырмын. Ол кезде олар сұраған ақшасын жібере алмаған, соңы осындай қайғылы жағдайға соғып тұр ғой. Егер өзімнен сұрағанда, қарыздансам да тауып беретін едім ғой”, – дейді марқұмның әкесі.
Оның сөзінше, бүгінде күдіктінің адвокаты изолятордан үйқамаққа босату жөнінде өтініш білдіріпті. Бірақ өтініші қабылданбапты.
“Сараптама қорытындысы бір айдан кейін шығады, ал тергеу екі ай жүреді деді. Менің мақсатым, тергеу әділ жүріп, күдікті жазасын алса деймін. Әйтпесе бұл жай қайталана береді. Мен де кезінде Отан алдындағы борышымды өтегенмін. Ол кезде де әскерде "дедовщина" деген болмады десем, өтірік айтқандай болармын. Бірақ дәл осындай сұмдық оқиға орын алған емес. Баламның әскерге барғанын қаламадым, бірақ ол әскерге бармасам, жұмысқа алмайды деді”, – дейді Досбол Қожахметов.
Бүгінде Бекбол Мираштың әкесі жұмыссыз. Жолдасым Үміт мектепте істейді.
“Үш балам бар, қызым Ақтөбедегі Бәйішев университетінде ақылы бөлімде оқып жатыр. Келесі жылы бітіреді. Ал 9 жасар кіші ұлым туабітті мүгедек. Біз Бекболдан көп үміт күтетін едік. Ұлым үйленіп, ұрпағымыз жалғасады деуші едік, енді не болды...”, – дейді күрсінген әке.