Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалақымыздың жартысы бензинге кетеді": СҚО-да жанармай бағасы шарықтауда

Еліміздің солтүстігінде дизель мен газдан кейін бензиннің бағасы да шарықтап барады. Осылайша еліміздегі ең қымбат бензин солтүстікте сатылып жатыр. Қазір Петропавлдағы жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 186 теңгеге дейін көтерілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

бензин

Газ бен дизельдің артын ала бензин де қымбаттап барады. Мәселен, Қарағанды жүргізушілері АИ-92 маркалы бензиннің литрін бір аптадан бері 180 теңгеге сатып алып жатыр. 

“Бензин қымбаттап жатыр. Бензин қымбаттағаннан кейін азық-түлік те қымбаттайды. Міне, азық-түлік әкетіп бара жатырмын, бағасы сұмдық. Қазір бүкіл жерде 180 теңге. Ал шалғайларда бұдан да қымбат”, – дейді көлік жүргізушісі Қайыргелді Дүйсенбек. 

Ал Петропавлдағы АИ-92 маркалы бензиннің бағасы бұдан да қымбат. Қазір жанармайдың бір литрі 186 теңгеден тұр. Тұрғындардың сөзінше, кеше ғана 175 теңгеге сатылған бензин бірден 11 теңгеге өскен. Онсыз да жалақысының жартысын бензинге жұмсайтын көлік жүргізушілері жан-жақтан қысып жатқан қымбатшылық халықты әбден шаршатты дейді. 

“Екі күнге жетеді бес мың теңге. Бұл жай ғана шаруаларыммен шықсам. Енді айына санаңыз. Бір айда 50 мың теңге жұмсап тұрмыз ғой”, – дейді көлік жүргізушісі Шорабек Зейнешев. 

Ал әкімдіктегілер бензиннің қымбаттауын шикізат құнының өсуімен түсіндіреді. Яғни елдегі мұнай өңдеу зауыттары жанармай бағасын өсіріп жіберді деп отыр. 

“Павлодар мен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттары шикізаттың құнын алты пайызға қымбаттатып жіберді. Сол себепті жанармай бекеттеріне де бағаны өсіруге тура келіп отыр”, – дейді СҚО кәсіпкерлік басқармасының баспасөз хатшысы Алена Хан. 

Бірақ "Қазмұнайгаз" акционерлік қоғамының өкілдері жергілікті әкімдік қызметкерлерінің ақпаратын жоққа шығарады. Сөздерінше, елдегі мұнай өңдеу зауыттары өнімді қайта өңдеу құнын ақпаннан бері бір тиынға да өсірмеген. 


Тағы қымбаттайды: Елімізде сұйытылған газдың бағасы аспандап кеткен

Талқылау