Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалақым 111 мың теңге": Ауғанстандағы мұғалім тәліптер келген соң өмірі қалай өзгергенін айтты

"Талибан" қозғалысы 2021 жылы Ауғанстанның бұрынғы билігін басып алғалы бері көптеген оқыған ауған азаматы елден қашса, әйел адамдар мен балалар халықаралық ұйымдардан көмек сұрады. Екі жыл ішінде тәліптер елдің байырғы режиміне түбегейлі өзгерістер енгізді. Ауғанстанда тұратын этникалық қазақ Хамидуллаһ Тадаш жоғары білімі болса да, жұмыс бойынша қиналатынын, тапқаны өмір сүруге жетпейтінін айтады. Кабулдағы "Қазақ қоғамы" ұйымының мүшесі тәліптер тұсындағы өмірінің қалай өзгергенін және елдегі жаңалықтар туралы баяндады.

Хамидуллаһ Тадаш, жеке архивтен

Хамидуллаһ Тадаш Ауғанстанның Құндыз облысы, Имам Сайып ауданында 1981 жылы дүниеге келген. Үйленген, бес баланың әкесі. Жұбайы екеуінің үш ұл және екі қызы бар. Жоғары білімді. Кабул университетінің тіл және әдебиет факультетінің түрік тілі және әдебиеті бөлімінде 2002-2006 жылдары бакалаврын бітірген. Түркия республикасының Анкара қаласында да білім алған. Осы жылы Кабул университетіне түрік тілі пәнінен мұғалім болып жұмысқа орналасады. Атажұртына оралу үшін PhD докторлыққа тапсырған.

Бірақ Қазақстандағы оқудың бағасы қымбат болған соң, Қырғызстандағы Бішкек мемлекеттік университетіне 2020 жылы оқуға түскен.

Жұмыс табу да қиын, жалақы 111 мың теңге

"Он жылдан бері түрік тілінің ұстазымын. "Талибан" қозғалысы елді басып алғаннан кейін, ұстаздық қызметті тастадық. Жалпы Ауғанстаннан Еуропа немесе Америкаға кетуіме мүмкіндіктер болды. Бірақ балаларымның тілі мен діні құрып кетеді. Сондықтан да қазақ екендігімізді ұмытпауға жан бағып жүрміз. Атажұртыма оралуға мүмкіндік болмаған соң, Өзбекстан мен Қырғызстанға кетуді де ойластырдым. Өзбекстаннан виза алуға мүмкіндік болмады. Тәліптер келгеннен кейін ешбір ел оңайлықпен виза бермейді. Шұбырған облысына барып, ауыл шаруашылығымен де айналыстым. Пәкістан мен Иранға да кетуді ойладық. Тіпті  Пәкістанда бір айдай тұрып қайттым. Ауғанстаннан Пәкістанға қашқандар өте көп. Жұмыс табу да қиын. Ирандағы достарым мұнда да күн көрудің қиын екендігін айтуда. Қазір Кабул университетіне араға жыл салып қайта оралдым. "Талибан" билігі орнағаннан кейін, жалақыларымыз қысқарды", - дейді түрік тілінің маманы. 

Сөзінше, университеттен бұрынғы билік тұсында 700 доллар жалақы (312 мың теңге – авт.) алса, қазіргі айлығы 250 долларға (111 мың теңге – авт.) дейін қысқарған екен. 

"Мұндай ақшамен Кабулда күн көру өте қиын. "Университетке қайта келсең, бұрынғыдай айлық береміз" деген үміт беріп жатыр. Енді әліптің артын бағып көремін. Айлық аз болса, қосымша базарда жұмыс істесем деген ойым бар”, – дейді ол.

Университетке қыздар келмейді

Тәліптер бастапқы кезде қыздар мен ұлдарды бөліп сабақ беруге тырысты. Одан кейін "қыздар университетке бармасын" деген үкім шықты дейді сұхбат беруші.

“Қазір университетке қыздар келмейді. Мектептерімізде жетінші сыныптан кейін қыздар оқымайды. Сақалы жоқ мұғалімдер, енді сақал қойған. Сабақтардың арасында діни үкімдерге қатысты пәндер де өтіледі. Айналдырған екі жылдың ішінде, ауғандағы білім саласы осылай өзгеріп шықты", - дейді қандасымыз.

Ауғанстанда оқыған азаматтардың көбі елден қашып кеткен екен.

"Әлемдегі күллі жаңалықтарға молдаларымыз ауыздарына келгенін айта береді. Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыстар түрлі т.б. тақырыптарға әңгіме өрбітеді. "Еврей халқы жымысқы әрекеттерін қоймаса, жиһад қыламыз" деп айтатындары да бар", - дейді ол. 

Діни нормаларды орындауға мәжбүрлейді

Кейіпкеріміз "Талибан" қозғалысының елде "Әмрубиль-маруф нахьинул-мункар" деген құрылымының жұмыс істейтіндігін жеткізді. 

"Тәліптердің арнайы құрылымы адамдарды діни нормаларды орындауға мәжбүрлейді. Олар барлық қоғамдық ортаны өз қадағалауларында ұстауда. 

Тәліптердің ең жоғарғы басшысы Кандагар қаласында тұрады. Молла Хибетулла Ахунзаде – "әмир әл-муминин" мұсылмандардың әмірі деген мағынаны білдіреді. Бұл кісі бүкіл Ауғанстанды басқарады. Бұдан кейін премьер-министр мен министрлер де бар. Осылай басқару құрылымдары кете береді. Мұнда парламенттік жүйе жойылды. Халықтың барлығы да әмир әл-мумининге  мойынұсынуға мәжбүр. Елдің әскерлері ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Әмир әл-мумининнің өзіне қарайтын арнайы әскерлері де бар. Тәліптер бұрынғы полицияның киімін шамалы өзгертіп, соны форма ретінде киіп жүр. Бірақ әскерлерге арнайы форма тігілмеген. Олар бұрынғы әскердің формасымен жүр", - дейді ол.

Қазақ билігіне ренжіген емеспін

Айтуынша, Қазақстан елшілігі мен Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" ұйымының екі жақты кездесу болған.

“Қазақстан елшілігінде ауғандағы қазақтармен қарым-қатынас орнату жөніндегі мәселелерді көтерді. Ауыл шаруашылығы т.б. тақырыптар бойынша да айтылды. Елшіліктегілер біздікілірді жақсы қабылдаған екен. Бір апта бұрын өз ішімізде жиналыс өтті. Қазақстаннан экспедиция жасақталып, Ауғанстандағы қазақтарға келсе деген жоспарлар да бар. Ол енді екі жақтағы азаматтарға визаның шығуына қатысты болмақ. 

Ауғанстанда әртүрлі салалардан маман иелері бар. Осылай қазақ билігімен арнайы жоба бастауды да айттық. Елшілктегілерден әзірге нақты жауап жоқ. Тәліптер келгелі бері, басқа елдер Ауғанстанмен байланысуға қорқады. Қазақстанда да сондай саясат болуы мүмкін", - дейді ер-азамат. 

Қандасымыздың айтуынша, көптеген досы Еуропа елдеріне кетіп қалған. Бірақ өзінің олай жасауға құлқы жоқ екенін айтты.

"2010 жылдан бері қазақ елшіліктерін тоздырумен жүрдім. Түркияның Анкарадағы елшілігі Ауғанстандағы елшілікке жіберген. Кабулдағы елшілік дұрыс қабылдамай жүрді. Өзім ана тілімді меңгеріп, өз бетімше тарихты білдім. Жүрегімізде атамекенге ораласақ деген ниет сөнген емес. Қазақ билігіне ренжіген емеспін. Барынша түсіністікпен қараймын", - деп сөзін аяқтады ол.  

 

Қадірәлі САРЫПБЕК
 

Талқылау