"Жала жапқан жоқпын": Алматыда әйелге әлеуметтік желідегі жазбасы үшін 664 мың теңге айыппұл салынды
Алматылық жануарлар құқығын қорғаушы Айгүл Хакимова әлеуметтік желіде ер адамның суретін жариялап, итпен жыныстық қатынасқа түсті деп жала жапқаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Жала жабылған ер адам Хакимованы сотқа беріп, сотта жеңіске жеткен. Алайда Хакимова сот үкімімен келіспейді. Әйел TikTok желісінде судьяны әділетсіз шешім шығарды деп айыптап, өзіне үлкен айыппұл салынғанын айтып, видео жариялаған.
"Мені ешқандай себепсіз соттады... Инстаграмда зоофил туралы жазба жариялағаным үшін 465 мың теңге айыппұл салды. Ешкімге жала жапқан жоқпын. Судья мені заңсыз соттады... Үлкен айыппұл салды. Ол менің кінәмді қалай дәлелдеді? Жоғарғы Сотқа екі рет хат жаздым, екі рет те арызым қайтарылды", – дейді Хакимова.
"Енді қайталамаймын": Танымал актриса әлеуметтік желідегі видеосы үшін жазаланды
Әйелдің видеосы бірнеше күнде TikTok желісінде төрт миллионнан астам қаралым жинаған. Сондай-ақ қазақстандықтар әйелге айыппұл төлеуге қажет соманы жинап берді.
“2024 жылдың 20 ақпанында Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі сотында БАҚ немесе телекоммуникация желілерін пайдаланып жала жабу бойынша айыпталушы Хакимоваға қатысты іс қаралды.
Былтыр қарашада Алматы тұрғыны азамат К баласына сыйлық ретінде белгілі сайттан мысық сату туралы хабарландыру іздеген. Хабарландыруды жариялаған Хакимовамен сөйлескеннен кейін К баласына мысық сатып алуға ниетті екенін айтқан. Біраз уақыттан кейін ер адамның телефонына бейтаныс әйел қоңырау шалып, әлеуметтік желіде ол туралы ақпарат жарияланғанын айтқан. 2023 жылдың 11 қарашасында күндіз Хакимова әлеуметтік желіде азамат К-ның суреті бар жазба жариялады", – делінген сот хабарламасында.
Сотта жазбаның кәугерлері ретінде жәбірленушінің отбасы мүшелері мен балалары қатысты. Олар осы оқиғадан кейін күйзеліске түсіп, тіпті мектепке бара алмай қалған.
“Сот отырысында Хакимова бұл жазбаны қателесіп жариялап, кейін бірден өшіріп тастағанын айтып, өз кінәсін ішінара мойындады. Алайда жәбірленуші К. жазбаның бірден жойылмағанын, көп келіссөзден кейін ғана өшірілгенін атап өтті", – делінген хабарламада.
Сот Хакимованы басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп тауып, 180АЕК (664 560 теңге) көлемінде айыппұл тағайындады. Құқық бұзушының жеке басын және жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, айыппұл сомасы 30% азайтылып, 465 192 теңге айыппұл салды.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында әйелге әлеуметтік желідегі видеосы үшін 664 мың теңге айыппұл салынғаны туралы жазған едік.