Жетісуда – Абай күні: 119 мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды
Талдықорғанда ақын, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Абай күні аясында өңірде 119 түрлі мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
"Абай – даналықтың дара шыңы" атты салтанатты іс-шара 2023 жылы Абай ескерткіші орнатылған Б. Римова атындағы Академиялық драма театры алдындағы алаңда өтті. Гүл шоқтарын қою рәсімінен басталған шара жас Абай мен кемел Абайдың кездесуін бейнелеген театрландырылған прологпен жалғасты. Онда кемел Абай өзінің жас шағындағы бейнесіне адамның көркі – оның білімі, өзін-өзі жетілдіруі және халқына қызмет етуінде екенін өсиет етті.

Кеш барысында "Мизам" көшпелі әдеби мектебінің оқушылары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас қатысушылардың әсерлі орындауы кештің ең жылы сәттерінің біріне айналып, Абай поэзиясының жас ұрпақтың жүрегінен әлі де орын алып келе жатқанын көрсетті.

Бағдарламаның ерекше бөлігінің бірі музыкалық бөлім болды. Жергілікті өнерпаздар Абайдың "Көзімнің қарасы", "Желсіз түнде жарық ай" және басқа да әндерін орындап, көрермендерге оның музыкалық мұрасының көркемдігі мен тереңдігін жеткізді.
“Кештің ашық аспан астында өтіп, оған кез келген адамның қатыса алатыны маған өте ұнады. Өзім өмір бойы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Сондықтан бұл кеш маған ерекше әсер етті. Білім, еңбек, әділдік, адамгершілік және рухани кемелдену құндылықтарына негізделген Абай шығармашылығы бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан осындай іс-шаралар оның адамгершілік және философиялық идеяларының маңызын тағы бір мәрте еске салады”, – деп пікірімен бөлісті облыс орталығының тұрғыны, зейнеткер Дания Жақыпова.

Оның пікірін қаланың жас буын өкілі де қолдады:
“Мен Абайдың өлеңдерімен сусындап өстім. Есейген соң да оларды оқуды жалғастырып келемін. Өйткені әр жаста оның шығармаларынан жаңа мән табасың. Бүгінде де оның өлеңдері мен қара сөздері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай – біздің мәңгілік мұрамыз. Оны білу, құрметтеу және өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауымыз қажет”, – деді Жанат Санатұлы.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов бүгін облыстың кітапханаларында Ашық есік күні ұйымдастырылғанын атап өтті. Кітапханалар келушілер үшін түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс істеп, түрлі рухани-ағартушылық және мәдени-танымдық бағдарламаларды ұсынуда.

Жалпы, 1-10 тамыз аралығында Абай күніне орай Жетісу облысында 119 іс-шара өткізілді.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?