Жетісайда тойда әйелдерді "ұрғашы" деп атаған зейнеткердің ісі сотқа жолданды
Түркістан облысының полиция департаменті Жетісайдағы тойда даулы сөз сөйлеген 66 жастағы ер адамға қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ер адамға Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі, яғни "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша айып тағылған. Істің саралануы өзгертілмеген және оған қосымша баптар енгізілмеген.
Тергеу барысында дінтану, саясаттану және психологиялық-лингвистикалық сараптамалар жүргізілген.
Ер адам екі айға қамауға алынған. Полицияның мәліметінше, қамау мерзімі ұзартылмаған. Қылмыстық іс материалдары 26 тамызда сотқа жіберілген. Полиция департаменті тергеудің өзге де мәліметтерін жариялаудан бас тартты.
Еске салайық, бұған дейін “ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды” деп тойда тілек айтудың орнына, уағыз айтып кеткен ер адам көптің ашуына тигені хабарланған еді.
Ер адам қазір тойларда арақ қойылмайтынын оң өзгеріс деп бағалады. Ал енді одан бөлек екі мәселені өзгерту керек дейді. Біріншісі, тойларда музыканы алып тастау. Екіншісі, әйелдер мен ерлерді бөлек отырғызу қажет. Оған қоса қария тойға келген әншілерді "шайтанның азаншысы" деп атады.
Бұдан бөлек, оның әйелдерді "ұрғашылар" деп атауы да қоғам сынына ұшырады. Желі қолданушылары мұндай сөздің орынсыз екенін, той – адамдарға ақыл-өсиет айтатын емес, ізгі тілек білдіретін орын екенін жарыса жазды. Ер адамның үстінен кейін қылмыстық іс қозғалды.
Баланың ас мәзірі қандай болу керек? Маман ата-аналар жиі жіберетін қателіктерді атады
