Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жеңіс шыңында қаза тапқан альпинист Наталья Наговицинаның денесін эвакуациялау қайта қаралмақ

Наталья Наговицына
Фото: РИА Новости

Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрлігі өткен жазда Жеңіс шыңында қаза тапқан ресейлік альпинист Наталья Наговицинаның денесін түсіруге көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство өкілінің айтуынша, министрлік өз құзыреті аясында қажетті қолдау көрсетуге дайын.

"Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі қажетті көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруға әзір. Оған үйлестіру жұмыстары және қауіпсіз жағдай болған кезде Қырғызстан Қорғаныс министрлігінің авиациясын пайдалану мәселесі де кіреді", – деді министрлік өкілі.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта Жеңіс шыңынан денені эвакуациялау мәселесі талқылану кезеңінде тұр. Әзірге операцияны өткізу туралы ресми шешім қабылданбаған.

Наталья Наговицина төрт адамнан тұратын альпинистер тобымен бірге тамыз айының басында Жеңіс шыңына көтерілуді бастаған. 12 тамыз күні ол 7200 метр биіктікте аяғын сындырып алып, шатырда қалып қойған. Келесі күні топтағы альпинистер оған жетіп, көмек көрсетуге тырысқанымен, оны төмен түсіру мүмкін болмаған.

Кейін альпинистке көмектесу үшін бірнеше рет құтқару операциясы ұйымдастырылды, оның ішінде тікұшақтар да қолданылған. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық әрекет сәтсіз аяқталды.

23 тамызда альпинистер базалық лагерінің басшысы Дмитрий Греков Наговицинаны құтқару операциясының тоқтатылғанын хабарлады. Кейінірек жаңа әрекеттер жасалуы мүмкін екені айтылғанымен, ол жүзеге аспады.

2 қыркүйекте тележүргізуші Виктория Боня дронмен түсірілген шатырдың видеосын жариялап, Наговицинаның қайтыс болғанын мәлімдеді.

Қыркүйек айының басында Қырғызстан альпинизм және құзға өрмелеу федерациясының президенті Эдуард Кубатов Наговицинаның қаза тапқанын ресми түрде растады.

Еске салайық, бұған дейін былтыр тамыз айында ресейлік альпинист Наталья Наговицына Қырғызстандағы “Жеңіс” шыңына көтерілу кезінде аяғын сындырып, 7200 метр биіктікте қалып қойған еді. Оны құтқаруға бірнеше мәрте әрекет жасалғанымен, ауа райының қолайсыздығы операцияны қиындатты. Альпинистке көмекке шыққан италиялық Лука Синигалья үсік шалып, миы ісініп көз жұмды. Кейін Наговицинаның да қаза тапқаны хабарланды. Құтқару операциясы тоқтатылып, екі альпинистің денесі тауда қалған болатын.

Айым Атамбаева
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 17:30