Тұрғын үйлер мен автокөліктер: Заңсыз микроқаржы ұйымын құрғандардың 32 миллиард теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды
Алматы қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті прокуратураның үйлестіруімен 6 микроқаржы ұйымының басшыларына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
"Creditum", "Sofi Finance", "Hava Finance", "SF Offline", "POS Credit", "Сәлем Кредит" микроқаржы ұйымдарының заңсыз әрекеттері салдарынан 327 мыңнан астам азамат зардап шекті. Олар 30 миллиард теңге залал келтірді.
Төлемдері кешіктірілген қарыз алушылар Hava.kz, Koke.kz, Tengo.kz компаниялармен кепілдік шарттарын жасасуға мәжбүр болған. Бұл ретте, кепілгердің жауапкершілігі қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана қарастырылған. Бұл қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлем алынып, азаматтарды қарызға батырған. Нәтижесінде, қарыз алушылар несие сомасынан 3-5 есе артық ақша төлеуге мәжбүр болған”, – деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті.
Микроқаржы ұйымдарының есепшоттарына 1,8 миллиард теңге көлемінде тыйым салынды, сондай-ақ 30 миллиард теңге мөлшерінде несие портфеліне шектеу қойылды.
“Микроқаржы ұйымдарды құрғандар 2 айға қамауға алынды. Олардың жалпы құны 225 миллион теңге көлемінде 2 тұрғын үйі мен BMW X6, Toyota Tundra маркалы автокөліктеріне тыйым салынды”, – делінген хабарламада.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Алматыда микроқаржы ұйымының кесірінен 327 мыңнан астам адам зардап шеккені туралы жазған едік.