Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның Ыстамбұлдағы бұрынғы бас консулы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Нұриддин Аманқұл
Фото: gov.kz

Қазақстанның Ыстамбұлдағы бұрынғы бас консулы Нұриддин Аманқұл Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, оның кандидатурасы президент әкімшілігімен келісілген.

Нұриддин Аманқұлұлы 1986 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Кенжеғали  Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетін "Экономика" мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика ғылымдарының магистрі.

Еңбек жолын 2007 жылы Халықаралық саясат институтында сарапшы ретінде бастап, кейін мемлекеттік және халықаралық инвестициялық-қаржылық ұйымдарда жауапты қызметтер атқарған.

2012-2018 жылдары "KAZNEX INVEST" экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінде департамент директоры, басқарушы директор және Ыстанбұл қаласындағы инвестициялық өкіл болған.

2018-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінде шетелдік инвестициялар тарту басқармасын басқарды, сондай-ақ Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігінде бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында еңбек етті.

2023 жылдың маусым айынан осы тағайындауға дейін Қазақстанның Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы қызметін атқарған.

Еске салсақ, 2026 жылдың мамырында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді. Кадрлық ауыс-түйістен кейін Қызылорда облысының әкімі лауазымына Мұрат Ергешбаев тағайындалды. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 22 Маусым, 2026 21:16