Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды

Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев
Фото: Aqmeshit-zhastary.kz

Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Жарлыққа мемлекет басшысы қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

“Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысының әкімі қызметін 2022 жылғы сәуірден 2026 жылғы мамыр айының басына дейін Нұрлыбек Нәлібаев атқарған. 6 мамырда ол Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Мұрат Ергешбаев жайлы не белгілі?

Мұрат Ергешбаев 1966 жылы 12 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдап, экономист мамандығын алған.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін аяқтап, мемлекеттік қызмет менеджері біліктілігін иеленген.

Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданындағы совхозда экономист болып бастаған.

1990-1993 жылдары Сырдария агроөнеркәсіп бірлестігінің өндірістік-экономикалық бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. Кейін 1993–1996 жылдары “Alem Bank Kazakhstan” АҚ Қызылорда облыстық басқармасында маман, кредит бөлімінің басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

1996 жылы Қызылорда облысы әкімінің орынбасарына кеңесші болып тағайындалды.

1998 жылдан бастап “Қазақстан Халық банкі” АҚ Қызылорда облыстық филиалын басқарды. Кейін әлеуметтік қорғау және қаржы саласында бірқатар лауазым атқарды. Атап айтқанда, 2002-2004 жылдары Қызылорда облысының еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары, 2004-2006 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының қаржы бөлімінің басшысы болды.

2006 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "Өрт сөндіруші" АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті қызметіне тағайындалды.

2008-2010 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болды. Одан кейін 2010–2011 жылдары Қызылорда облысының қаржы басқармасын басқарды. 2011-2013 жылдары Қармақшы ауданының әкімі, 2013-2015 жылдары Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарды.

2015-2017 жылдары "ҚазАгроӨнім" АҚ басқарушы директоры болды.

2017-2021 жылдары Қазалы ауданының әкімі, ал 2021-2023 жылдары Қызылорда облысы Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарды.

2023 жылғы наурыздан бастап “AMANAT” партиясының партиялық тізімі бойынша VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 08 Мамыр, 2026 10:22