Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Эльмира Төлегенованың соттағы сөзінен кейін Қаржылық мониторинг агенттігі пікір білдірді

Жанәбіловтер
Фото: instagram.com/zhanabylov_e

Қаржылық мониторинг агенттігі Эльмира Төлегенованың сот барысында тергеу кезінде қысым жасалғаны туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

14 сәуірде өткен сот отырысында блогер Эльмира Төлегенова тергеу кезінде өзіне және жұбайына қысым жасалғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, оларға балаға ұрысқандай ұрысып, “егер жұбайы кінәні өз мойнына алмаса, барлық мүлкін тәркілеп, Instagram парақшасын өшіреміз” деп қорқытқан.

Сондай-ақ ол тергеуші олардың сайтының әзірлеушісінен “15 миллион теңге беруді сұрағанын” мәлімдеді.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова тергеу әрекеттеріне тек қорғаушының қатысуымен қатысқан.

“Соталды тергеу барысында және қылмыстық іс материалдарымен танысу кезінде аталған тұлғалардан қысым көрсету, қоқан-лоқы жасау немесе ықтимал бопсалау фактілері бойынша Агенттікке, прокуратура органдарына не сотқа өтініш түскен жоқ”, – деп хабарлады ведомство.

Ведомство қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес, аталған тұлғалардың қатысуымен өткен тергеу әрекеттері кезінде аудио және бейнежазба құралдары қолданылғанын хабарлады.

“Сонымен қатар қазір Эльмира Төлегенованың уәждері тексеріліп жатыр. Оларға тиісті құқықтық баға беріледі”, – деп мәлімдеді ҚМА.

Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қарала бастады. Айыпталушылар мен олардың адвокаты сот процесін жабық форматта өткізуді сұрағанымен, сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Алайда сот отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне фото және бейнетүсірілім жасауға тыйым салу туралы өтініштері мақұлданды.

22 сәуір күні өткен сот отырысында прокурор ерлі-зайыпты блогерлерге 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 13:28