Қазақстан АҚШ және Еуропа елдерімен өндірісті локализациялау бойынша жаңа келісімдерге қол қойды

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысының көлік жасауды дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмалары аясында Еуропа, Канада және АҚШ-тың ауылшаруашылық техникаларын шығаратын жетекші компаниялары басшыларымен кездесу өткізді. Қатысушылар өнеркәсіп кооперациясын тереңдету, өндірісті локализациялау және отандық кәсіпорындарға заманауи агротехнологиялар енгізу мәселелерін талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министр аграрлық сектордың өсіп келе жатқан қажеттіліктері ауыл шаруашылығы техникасының тұрақты және болжамды нарығын қалыптастыратынын атап өтті.
Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Егіс алқаптары – шамамен 24 миллион гектар. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9 триллион теңгеден асып, 6%-дан астамға өсті. Астық жинау 26 миллион тоннаға, майлы дақылдар 5 миллион тоннаға жетті.
"Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының технологиялық әлеуетін дамыту мен оны арттыру мәселесіне айрықша мән береді. Өндіріс көлемінің өсуі, өнімділіктің артуы және экспорттық жеткізілімдердің кеңеюі шаруаларды техникалық жабдықтауға қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр. Сондықтан техниканы жаңарту, оны қолжетімді ету, отандық өндірушілерді ынталандыру саланың әрі қарай дамуының негізгі шарттары ретінде қарастырылады. Қазақстанның жетекші шетелдік өндірушілермен серіктестігі тұрақты әрі өзара тиімді сипатқа ие және ұзақ мерзімді кооперацияға бағдарланған. Үкімет жобаларды локализациялаудан бастап сыртқы нарықтарға шығуға дейінгі барлық кезеңде қолдау арқылы жаңа өндірістер құру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын", – деді Бектенов.
Еліміздің егіс алқаптарында 130 мыңнан астам трактор, шамамен 30 мың комбайн және 200 мыңнан астам тіркемелі және аспалы техника бірлігі бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша техника паркін жаңарту деңгейі – 6,5%. Нысаналы мақсат – бұл көрсеткішті жыл сайын 10%-ға дейін жеткізу. Сол себепті техника сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-на дейін субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша жүктемені төмендету, сондай-ақ отандық өндірістегі техника үшін 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру ұсыну қарастырылған.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы екі жылда отандық техника сату көлемі 35% артып, 7,7 мыңнан 10,4 мың бірлікке дейін өсті. Сонымен қатар сұраныс құрылымы анағұрлым күрделі әрі жоғары технологиялық машиналарға қарай ауысуда. Жыл сайын 8 мыңнан астам трактор және 1,2 мың комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы отандық техниканың үлесі шамамен 90%-ға жетті.
Халықаралық серіктестер локализацияны одан әрі тереңдетуге, технологиялар трансферіне, сервистік инфрақұрылымды дамытуға және Қазақстан нарығында қатысуды кеңейтуге қызығушылық білдірді. Толық технологиялық тізбекті қалыптастыру және отандық шаруалар үшін заманауи жоғары технологиялық жабдықтардың қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
"Президент пен үкіметтің дәйекті өнеркәсіптік саясаты сенімге берік негіз қалап отыр. Алдымен елімізге нарық көшбасшысы John Deere келді. Бұл өзгелерге күшті сигнал болды, басқа да жаһандық ойыншылардың келіп жатқанын көріп отырмыз. Біз жаңа технологияларды қабылдап, озық стандарттарды енгізуге, техникалық мамандарымыздың біліктілігін арттырып, фермерлерді қазақстандық өндірістің жоғары технологиялық машиналарымен қамтамасыз етуге дайынбыз", – деді "АгромашХолдинг KZ" АҚ президенті Динара Шүкіжанова.
John Deere компаниясының ТМД елдері бойынша вице-президенті Петер Заксе Қазақстанның ұзақмерзімді ынтымақтастыққа ашықтығын және инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайды жоғары бағалайтынын айтты. Сөзінше, былтыр қарашада Қостанайдағы өндірісті локализациялау жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойылды.
"John Deere Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Біз өндірісті одан әрі локализациялауға, өнімділікті арттыруға дайынбыз. Цифрландыру мен ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға назар аудара отырып, заманауи техника шығаруды жоспарлап отырмыз", – деді John Deere компаниясының ТМД елдері бойынша вице-президенті Петер Заксе.
Өнімі 40-тан астам елге тарайтын, ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші жетекші компания Väderstad Group-тың (Швеция) директорлар кеңесінің мүшесі Кристина Старк Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін айтты.
Компаниялардың топ-менеджерлері серіктестікті дамытуға дайын екенін білдірді. Олардың қатарында Dewulf компаниясынан Хендрик Декрамер, Amity Technology Майк Спренгер, Lindsay Corporation Ричард Гарольд, Frans Vervaet B.V. Робин Верват, Brandt Филип Коржчак, Kuhn Group Джеки Кирч және тағы да басқалар бар.
Қазақстан тарапынан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша Қостанайдағы локализация орталығының өндірістік базасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін локализациялауға бағытталған көпжақты келісімдерге қол қою рәсімі өтті.
Келісім "АгромашХолдинг KZ" АҚ, "Eurasia Group AG" ЖШС мен әлемдік жетекші өндірушілер – Väderstad Group, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Frans Vervaet B.V., Kuhn Group және Brandt компаниялары арасында жасалды.
"Сот шешіміне дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек