Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұйымдастыру жұмыстары өте нашар": Ресейлік әнші Земфира Қазақстанда өткен концертіне көңілі толмағанын айтты

18-20 тамыз күндері ресейлік танымал әнші Земфира Алматы және Астана қалаларында концерт берді. Алайда өнер иесіне концерттің ұйымдастыру жұмыстары өте төмен деңгей болғанын айтып, наразылығын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әнші Земфира өзінің Instagram-дағы парақшасында Қазақстанда өткен концерттерге қатысты жазба жариялады. 

“Бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі концерт. Ойлар көп. Қазақстандағы концертті ұйымдастыру жұмыстары өте нашар. Табриз деген біреу. Кәсібиліктің арқасында алып шықтық. Рахмет”, – деп жазды ресейлік әнші.

Желі қолданушыларының ойынша, өнер иесі жазбада Табриз Шахиди есімді азаматты меңзеген. Ол – танымал жұлдыздарды концертпен Орталық Азия елдерінде шақыратын концерттік менеджер. Земфираның бұл жазбасы қазақстандықтардың ашуын туғызды. Қазақстандық жанкүйерлер әншіні тыңдарманның махаббатын бағаламады деп айыптады.

“Концерттің ұйымдастыру жұмыстарымен ғана есте қалғаны өкінішті. Тыңдарманның махаббаты мен алғысын көзіңізге де ілмедіңіз. Мемлекеттің аты бас әріппен жазылады”, “Ұйымдастыру жұмыстары нашар болса, оны елдің алдында емес, ұйымдастырушының өзімен талқылаңыз. Тыңдарманның не кінәсі бар?”, “Өмірімдегі алғашқы концерттен көп нәрсе күттім. Бірақ көңілімде дақ қалғандай. Қаражатымды жұмсадым, күттім. Барлық кемшілікті ақтап алуға тырыстым. Бірақ көңілім қалды”, “Ұйымдастыру жұмыстары мен дыбысты алдын ала тексеріп алуға болмас па еді?”, – деп жазды желі қолданушылары. 

Земфираның Алматы мен Астанадағы турын бірлесіп ұйымдастырған Dpartners агенттігінің концерттік менеджері Дана Орманбаева бұл мәселе бойынша толық түсініктеме беруге уәде етті. Сондай-ақ ол әншінің сөзін жоққа шығарды.

“Құрметті қазақстандықтар! Ертең мен әнші Земфираның жазбасына толық түсініктеме беремін. Сіздер менің  шындықты, адалдық пен кәсібилікті бірінші орынға қоятынымды білесіздер. Мен де әншінің нақты нені меңзеп отырғанын білемін. Мен мұны жария еткім келмеп еді, алайда айтуға мәжбүрмін.  Бұл мәселені өз арамызда шешу керек еді, себебі, көрермен бұған лайық емес. Шындықты айтар болсақ, солай-ақ болсын. Солай емес пе?”, – деп жазды Дана Орманбаева Telegram арнасында.

 

 

Талқылау