Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұйықтап қала жаздадым": Байден Трамппен пікірсайыстағы сәтсіздігін түсіндірді

АҚШ президенті Джо Байден елдің бұрынғы көшбасшысы Дональд Трамппен теледебатта сәтсіздікке ұшырауын іс-шара алдындағы іссапарларға шыққанымен түсіндірді. Алайда демократтар оның президенттікке үміткер болуын тоқтатуды және биліктен кетуді талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: BBC

Джо Байден Вирджиния штатына қарасты Маклин қаласы маңындағы қайырымдылық кешінде дебат кезінде неліктен абдырап қалғанын түсіндірді. Оның айтуынша, дебат алдында саяхатқа шығу қате шешім болған.

"Пікірсайыс алдында әлемді бірнеше рет аралап келуді ұйғардым. Қызметкерлерімді тыңдамадым... Бұл қате шешім болған екен. Шешуші кезеңде сахнада ұйықтап кете жаздадым", – деп түсіндірді Байден.

Байден бұл әрекетін ақталу емес, тек түсіндіру деп қосты.

Айта кетейік, 27 маусымда АҚШ-та президенттікке үміткерлер Джо Байден мен Дональд Трамптың алғашқы дебаты өткен еді. Саясаткерлер арасындағы пікірталас CNN арнасында өтті. Дебаттан кейін басылым сауалнама жүргізді, оған сәйкес респонденттердің 67%-ы Трампты, 33%-ы Байденді таңдады. Президенттің бұл сөзінен кейін демократтар оның отставкаға кетуін және үміткер болудан бас тартуын ашық талап етті.

Ақүйде өткен брифингте баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер де президенттің мінберде нашар сөз сөйлегеніне түсініктеме берді.

Карин Жан-Пьер президент мүгедек пе немесе деменциямен ауыра ма деген сұрақтарға жауап беруге мәжбүр болды.

"Біз бұл кештің қалай сәтсіз өткенін түсініп тұрмыз. Биліктегі президенттердің алғашқы пікірталас кезінде өзін нашар сезінуі – қалыпты нәрсе. Біз Америка халқының атынан атқаратын жұмысымызды жалғастыра береміз", – деді баспасөз хатшысы.

Дегенмен оның жауаптары брифингке қатысушылардың сенімсіздік тудырды. Өйткені ол президентке жай ғана суық тигенін және отставкаға кетуді жоспарламағанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Джо Байденді ауыстыруы мүмкін ең ықтимал кандидаттың есімі айтылғанын жаздық. Байденге ықтимал қарсылас – АҚШ вице-президенті Камала Харрис. Ол алдағы сайлауда Демократиялық партия кандидаты ретінде тіркелген. Харристің рейтингі төмен болғанымен, демократтар, әйелдер мен қара нәсілділер арасында өте танымал. Байденнің орнына кандидатты іздеу, оның кандидатурасын айналып өту, партия ішінде наразылық пен бөлініс тудыруы мүмкін.

Талқылау