"Ұрып жұмыс істетіп жатыр”: Желіде өзбекстандық азамат қазақтардың құлдығында жүргенін айтып көмек сұрады
Желіде Өзбекстан азаматының басынан жарақат алып өзбек жұртын жылай көмекке шақырған видеосы тарады. Айтуынша өзін қазақтар Жамбыл облысындағы кірпіш зауытта ұрып-соғып құлдықта ұстаған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео Facebook қолданушысы Мирболат Мырзатайұлының парақшасына салынған. Мұнда автор “Жамбыл облысы, Түймекент кенті, Сарыкемер ауылындағы кірпіш зауытында өзбектер құлдықта жүр” деп жазған.
Видеода азамат жараланған басын ұстап өзбекстандықтарды жылай көмекке шақырады.
“Өзбекстандағылар, міне, ұрып басымды жарды. Күшпен жұмыс істетіп жатыр”,- деді азамат.
"Қиянат жасасаң ұрпағыңа зияны тиеді" деп біреудің ала жібін аттамайтын қазақ едік. Жеткен жеріміз осы болғаны ма?”, “Қай ұлт болсын бірақ адамды бұлай қинауға болмайды”, “Заңсыз келіп қазаққа жағаласып жұмыс жасайды. Заңды ұрмаймыз дейді. Міне, салдары”,- деп пікір жазды желі қолданушылары.
Осы оқиғадан соң Жамбыл облысы Полиция департаменті басшылығы пікір білдірді. Айтуларынша, аталған Өзбекстан Республикасының азаматы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
“Ол осы жылдың шілде айында Байзақ ауданындағы кірпіш зауытына жұмысқа орналасқан. Тексеру барысында бетінде, денесінде ешбір жарақат белгілері табылған жоқ. Ер адамның айтуынша, ағымдағы жылдың наурыз айында ішімдік ішу кезінде абайсызда жарақат алған және бейнежазбаны Өзбекстанда тұратын досына "WhatsApp" мессенджері арқылы жіберген”, – делінген полиция хабарламасында.
Департамент азаматқа қатысты ұрып-соғу және еңбекке мәжбүрлеу дерегі анықталмағанын жеткізді.
Полиция бөлмішесінде түсірген видеода өзбекстандық мас күйде болғанын айтты. Полиция видеода азаматтан ешкімнің қысым көрсетпегенін растап сұрап алды.
Алайда бұл жазбаның астына да желі қолданушылары: “Жалған айтып отыр”, “Полиция қорқытып түсіртіп отыр”, -деген пікірлер қалдырған.