Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұн мен қант: Қазақстанда бір жылда қандай өнімдер аса қымбаттады?

2022 жылдың қазан айында айлық инфляция мөлшері 1,6%-ға тең, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

ұн мен қант

Қыркүйекпен салыстырғанда қазан айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер 1,7%-ға, азық-түлік тауарлары 1,4%-ға қымбаттады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде тазалау құралдарының бағасы ең көп көтерілген, баға өсімі 5%-ға тең. Киім мен аяқ киім, жеке тауарлар мен тұрмыстық тауарлар 2,1%-ға, ыдыс-аяқ 1,9%-ға, тоқыма бұйымдары 1,7%-ға қымбаттады.

Тас көмір бағасы 2,1%-ға, отын 1,7%-ға өсті.

Ақылы қызметтердің баға деңгейі өткен айда 1,7%-ға көтерілді. Оның ішінде қонақ үй қызметтері 6%-ға, кешенді демалыс қызметтері 4%-ға, демалыс және спорт саласындағы іс-шаралар қызметі 3,3%-ға, монша қызметі 3%-ға, балаларды дамыту орталықтары 2,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру қызметі 2,2%-ға қымбаттады.

Азық-түлік тауарларының бағасы қазанда 1,4%-ға өсті. Оның ішінде қызанақ 21%, қияр 14,7%, жұмыртқа 6,3%-ға, балық және теңіз өнімдері 2,3%, тоқаш және ұн өнімдері 2,2%, салқындатылған сусындар 1,9%, ірімшік және сүзбе 1,8%-ға қымбаттады.

Керісінше сәбіз бағасы 5,6%-ға төмендеп, қызылша 5,5%, пияз  5,1%, картоп  3,5%, қырыққабат 2,6%, құмшекер 2,3%-ға арзандады.

2022 жылғы қазанда жылдық инфляция мөлшері 18,8%-ға тең болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 23,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 17,9%, ақылы қызметтер 13,5%-ға өсті.
Жылдық баға өсімі тазалау құралдарынан аса байқалады: кір сабын 77,7%-ға қымбаттаған. Ауа баптағыш бағасы 43,8%, дәретхана қағазы 42,3% және сусабын 35,3%-ға, балалар сабыны 50%-ға өсті. Сонымен қатар, кеңсе тауарларының бағасы бір жылда 64,2%-ға артты.

Ақылы қызметтердің ішінде театр қызметі 26,5%-ға қымбаттады.

Азық-түлік тауарларының ішінде құмшекер бағасы айтарлықтай өскен. Қант 74,3%-ға қымбаттады. Сонымен қатар, арпа жармасы мен жоғары сұрыпты бидай ұны бағасы 45%-ға
өсті. Сүт 39,8%-ға, балқытылған ірімшік 42,2%-ға, макарон өнімдері 41,7%-ға және қарақұмық жармасы 38,6%-ға қымбаттады.

Ұлттық статистика бюросының мамандары барлығы 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағаларының өзгеруін бақылайды.

Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, интерактивті дэшборд арқылы қазақстандықтар өз өңірінде бағаның арзандағанын не қымбаттағанын қарап, сұраныстағы тауарлардың баға өзгерісін бақылай алады.

Талқылау