Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық Банк Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбайдың бейнелері бар коллекциялық монеталарды сатылымға шығарады

Бүгін Ұлттық Банк тарихи тұлғалар – Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбайдың бейнелері бар "Банкноттардағы портреттер" сериясынан коллекциялық монеталарды айналымға шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ұлттық банк

Ұлттық Банк "Банкноттардағы портреттер" сериясындағы коллекциялық монеталар туралы толығырақ айтып берді.

"Жаңа монеталар еліміздің 1993 жылғы үлгідегі ұлттық валютасының бірінші сериясының портреттік бейнелеріне арналған, оларда көрнекті тарихи тұлғалар – ғалым Әл-Фараби, ақын Сүйінбай Аронұлы, күйші Құрманғазы, ғалым және этнограф Шоқан Уәлиханов, ақын және философ Абай, сондай-ақ қазақ хандары Әбілқайыр мен Абылай хан бейнеленген. 2011-2013 жылдары Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық алтын монеталары айналымға шықты. Коллекционерлер мен халық тарапынан болған сұранысты ескере отырып, серия күміс және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталармен толықтырылып отыр", - делінген хабарламада.

Фото: Ұлттық банк

Монеталар 925/1000 сынамалы күмістен жасалған, салмағы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, дайындау сапасы proof, номиналы 500 теңгелік, таралымы 2000 дана;

Нейзильбер қорытпасынан жасалған монеталар әрқайсысы МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, uncirculated дайындау сапасымен, номиналы 200 теңгелік, таралымы 50 000 дана.

Коллекциялық монеталар 8 желтоқсаннан бастап сатылымға шығады. Ұлттық банк жаңа монеталар еліміздің бүкіл аумағында өз белгіленген құнымен төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға және аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті екенін атап өтті.

Айта кетейік, 15 қараша күні Қазақстан ұлттық банкі Қаржыгерлердің XI Конгресінде валюта банкноталарының жаңа сериясын таныстырған еді. Валюта "Сақ стилі" элементтерінде көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.

Талқылау