Ұлытауда аштық пен суықтан 1300-ден астам жылқы қырылып қалды
Жаңаарқа ауданында мал өлекселерін тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір әр ауылдық округтің әкімдігі мен шаруа қожалық иелері және ауыл белсенділерінен жиналған арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: enigma-project.ru
“Бүгінгі таңда жиналған өлексе саны – 1367. Далада табылған жылқылардың иелерін және өлген мал басының санын анықтау жұмыстары әлі де жалғасады. Ветеринариялық-санитариялық қорытындыға сәйкес, жылқы малының індеттен емес, аштық пен қатты аяз салдарынан өлгені нақтыланды”, – деп хабарлады Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жылқы малы толық жекеменшік иелігінде. Сондықтан, оларды арнайы базаға тіркеу, жем-шөп қорын даярлау, олардың бағылуын ұйымдастыру сияқты жұмыстар мемлекеттік орган құзыретіне кірмейді.
Жем-шөп шығынын қайтару үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да әркім арнайы жүйеге (базаға) кіріп, электронды қол қою арқылы, жергілікті әкімдіктің қатысуынсыз сұраныс бере алады.
Осы уақытқа дейін де хабарлағанымыздай, келеңсіз жағдай бола сала арнайы жұмыстар жүргізу мақсатында арнайы аудандық штаб құрылып, тиісті мекемелер, кент, ауылдық округ әкімдері мен кәсіпорындар және кәсіпкерлер бірлескен шараларды дереу қолға алған.
Шығынға ұшыраған мал санын анықтау, шаруа қожалықтарына жылқыларды тиісті орындарға жеткізіп алу үшін материалдық-техникалық көмек көрсету, жем-шөп бағасын тұрақты ұстап тұру жұмысы атқарылды.
Айта кетейік, бүгін үкіметтегі брифингте ауыл шаруашылығы министрі Ұлытау облысында мал қырылуына байланысты жылқы еті қымбаттай ма деген сұраққа жауап берген еді.