Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада бес баланың әкесі әйелін ана құқығынан айыруды сұрап отыр

Қызылорда облысында көпбалалы әке жұбайын ата-ана құқығынан айыруды сұрайды. Қайсар Болманов бес баланы бір өзі тәрбиелеп отыр, олардың бірінің мүмкіндігі шектеулі. Аналары бұрынырақта тастап кеткенімен, әлі күнге дейін жәрдемақы алып жүрген көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ер азаматтың айтуынша, 10 жасар баласы церебралды сал ауруына шалдыққан. Оған ерекше күтім қажет. Ал оның ата-анасы 14 жыл азаматтық некеде болған. Әйел көпбалалы ана ретінде және мүмкіндігі шектеулі баласы үшін мемлекеттен 200 мың теңге көлемінде жәрдемақы алып келген. Соңғы кездері ішкілікке салынған әйел жәрдемақыны өз қажетіне жаратқан. Ал осыдан екі ай бұрын біржола үйден кеткен. 

"2-3 шөлмек арақтан ішетін. Қайда барса да, ұрттап алатын. Ақыры осындай жағдайға жетті. Кете берсін, ол енді адам болмайды. Бірақ ақшаны балаларға қалдыруына болар еді", - дейді Қайсар Болманов. 

Қайсар бұған дейін егістікте күріш егумен айналысқан. Балаларға қарау үшін жұмысты тастауға мәжбүр болыпты. Ал отбасына енді жергілікті ауыл тұрғындары көмек көрсетуде. 



"Үнемі әлеуметтік көмек көрсетіп тұрамыз. Анасы осында болған кездің өзінде үйлерін жинап, балаларды жуындырып, ретке келтіретін едік. Ол әйел үйге қарамайтын. Оларға үнемі қайырымдылық акциялары арқылы көмек көрсетілетін", - дейді Шаған ауылдық округінің әкімі Ұлбала Тұрғанбекқызы. 

Қайсар әйелін табу үшін қалаға бірнеше рет барғанын айтады. Алайда еш нәтижесіз. Балалардың анасы телефон тұтқасын да көтермейтін болған. Полицияға хабар беретін ниеті жоқ, "өзінің ар-ұятына қалдырамын" дейді. Сөзінше, әйелі бұған дейін де үйден кетіп, із-түссіз жоғалып, ақшасы таусылғанда қайта оралған. Көпбалалы әкенің қазіргі мақсаты - әйелді ата-ана құқығынан айыру. 

"Біз бұл сұрақ бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Аудандық білім бөліміне жүгіндік. Ата-ана құқығынан айыру мәселесін кәмелетке толмағандардың ісі бойынша комиссия шешеді", - дейді Шаған ауылдық округіндегі мектеп директоры Ғалия Жаңабаева. 

Қайсар Болмановтың бар ойы балалардың жәрдемақысын алып, олардың керегіне жеткізу. 

Талқылау