Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлы Абайдың мерейтойына арнап салынған нысандар бір жыл өтпей бүлініп жатыр

Абай Құнабайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Семей қаласында ашылған "Абай жолы" аллеясы бүлініп жатыр. Төселген тастары тесіліп, жарығы өшкен. Ал Жидебайда жөнделген "Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінің" төбесінен су ағып кетті.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр Қазақстан көлемінде ұлы ақын Абай Құнабайұлының 175 жылдығын атап өтті. Мереке қарсаңында Семейде 681 млн теңгеге "Абай жолы" аллеясы салынған. Бір жыл өтпей демалыс орнының төсеніш тастары орнынан қозғалып кеткен. Тесіліп кеткен жерлері көп.

"Құрылыс талаптарының бәрі бұзылған. Міне мына біз тұрған веложолақ резина болу керек. Ол осы құрылыс салынған кезде паспортында жазылған еді. Бірақ асфальт төседі де, бояй салды", - деді Семей қаласының тұрғыны Алексей Дурягин.

"Ойықтары көп. Салған ағаштарының көбі өлі. Шаң екі жағынан да. Неге десең, жолдың дәл қасында", - деді Семей қаласының тұрғыны Зейнелқабден Зарипова.

Семей қаласы әкімдігінің қызметкерлері осы кемшіліктерді жою үшін аллеяны тарту еткен талдықорғандықтарға хат жазып жатыр екен.

"Құрылыс кезінде кеткен кемшіліктерді жою туралы Талдықорған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне ескерту хатын әзірлеп жатырмыз. Жарық пен төселген тастарды қалпына келтірулері керек", - деді Семей қаласы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Назгүл Игембекова.

Жидебайдағы мемориалдық кешені де сыр беріп, төбесінен су ағып жатыр. Тесілген төбені көрген ел шу ете қалды. Кешеннің төбесі қазір қайта жамалып жатыр.

"Кепілдеменің негізінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни жақын күндері жөндеу жұмыстары толық аяқталып, кеткен ақаулар толық қалпына келтіріледі. Бұл Абай ауданының орталығы - Қарауылдағы Абай саябағы. Жалпы аумағы он бес гектар. Электр желісі тартылғанымен түн қараңғысында мұнда жарық жанбайды", - деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Самғұлов.

"Ашқан кезде қосылды. Содан өшіріп кетті. Көктемнен бастап қосамыз деген", - деді Абай саябағының қызметкері Абдунасыр Хаджимов.

Тұрғындардың айтуынша, Қарауыл ауылынан сыртындағы саябаққа бару да мұң Балалар жаяу жүріп, екі сағатта әрең жететінін айтты.

"Бізге саябақ алыс. Достарымызбен бірге екі сағат жүреміз. Біз орталықтан осы жаққа дейін келеміз", - деді Қарауыл ауылының тұрғыны Ержомарт Ерланов.

Абайдың кіндік қаны тамған жер Сырт Қасқабұлақта ақынның өзі ұстаған домбырасының пішінінде салынған саябақ та талай сынның астында қалды. Қазір қоршауы бүліне бастапты.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар Абай жылында ақынның тұңғышы Ақылбайдың зираты жөнделеді деп үміттенген екен. Зираттың ескі қоршауы құлап, ішіне мал енген қорған тарихи ескерткіштер қатарына әлі енбепті.

"Тарихи ескерткіштер қатарына енсе деп ойлаймын. Әйгерім, Ділдә кесенесі енеді. Сырт Қасқабұлақ енеді. Еңлік-Кебек енеді. Ал Ақылбай сыртта қалып отыр", - деді Мұхтар Әуезов мұражайының меңгерушісі Шағжан Исабаев.

Айта кетерлік тағы бір жайт, қазақ Абай мен Мұхтарды бөліп қарамайтыны бәріне белгілі. Бірақ былтыр Абай тойы өткенде Мұхтар Әуезовтің мекені Бөріліге ешкім ат ізін салмапты.

Талқылау