"ҰБТ сертификаттары жоқ студенттер жүр": Екі университеттің лицензиясы тоқтатылды
Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі тапсырмасын орындау аясында ҚР білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының сапалы мамандар даярлауды қамтамасыз ету бөлігіне мониторинг жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сурет: pechativspb.ru
Бүгінгі күні Орталық Азия университеті мен Қазақстан теңіз университетінде білім беру саласындағы заңнама талаптарында бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, ҰБТ-ның шекті балын жинай алмаған немесе ҰБТ сертификаттары жоқ, сондай-ақ, түсу емтихандарының нәтижесі жоқ талапкерлерді қабылдау жағдайлары орын алған.
Аталған университеттерде білім беру үрдісі толығымен сапалы профессор-оқытушылар құрамымен қамтамасыз етілмеген.
Нәтижесінде түлектер еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалады. Кадрларды даярлаудың көптеген бағыты бойынша жұмысқа орналасу пайызы белгіленген нормаларға сәйкес келмейді, яғни 50%-дан кем.
ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 2019 жылғы 3 желтоқсанда аталған ЖОО лицензияларының қолданылуын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының комитет шешімдеріне шағымдануы бойынша сот процестері жүріп жатыр.