"Ядролық қарудың қуаты 70-75 килотонна": Путин "Батыстың қарсыластарына қару-жарақ беретінін" айтып, сес көрсетті
Ресей президенті Владимир Путин Батыс зымырандары Ресей аумағына шабуылға қолданылған жағдайда, Мәскеу "қарымта ретінде" Батыс елдерінің қарсыластарына алыс қашыққа жететін қару-жарақ бере бастауы мүмкін деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: РИА Новости
5 маусымда Путин шетелдік ақпарат агенттіктерінің редакторларына сұхбат беріп, РБК сайты оны тікелей эфирде көрсетті. Ресей президенті Батыстың алыстағы нысанаға жететін ракеталарын ұшыруға солардың әскери өкілдері қатысады деп есептейді. Путиннің сөзінше, олар нысананы таңдауға қатысуға міндетті.
"Егер әлдекім біздің жерімізге шабуыл жасау үшін, бізге қиындық туғызу үшін соғыс аймағына сондай қару жеткізуге болады деп санаса, Ресейге қарсы осыны істеп отырған әлем елдерінің сезімтал нысандарына соққы беретін аймақтарға қару-жарақ жеткізуге неге біздің құқығымыз жоқ?" – деді Путин.
Ол Ресей зымырандары нақты кімге, қай жаққа берілуі мүмкін екенін ашып айтқан жоқ. Иран қолдайтын қарулы топтар АҚШ әскери базаларына бірнеше рет шабуыл жасаған. Йемендегі хуситтер Батыстың сауда кемелерін үнемі шабуылдайды. Олар Иран ракеталары мен дрондарын жиі қолданып, Мәскеудің өзі де бұл қаруларды Тегераннан алғысы келеді.
Бұдан бөлек, Ресейге жақын Солтүстік Корея Оңтүстік Корея мен Жапонияға қарай үнемі ракета ұшырып отырады. Батыстың барлау қызметтері Мәскеу Пхеньяннан ракета кешендерін сатып алған дейді. 5 маусымдағы сұхбатында Путин Ресей Оңтүстік Кореяның Украинаға тікелей қару-жарақ бермейтінін "жоғары бағалайды" деп айтты.
Путин Украинадағы соғыс жөнінде әдеттегі сөздерін қайталап, ашып ештеңе айтпады. Ол әскери қақтығысқа қатысушы тараптар соғыстағы адам шығынын ешқашан айтпайды деді. Кейін Ресей президенті Украинаның адам шығыны Ресейден бес есе көп деді, бірақ бұл сөзі журналистер жүргізген зерттеулер дерегіне, ашық мәліметтерге және БАҚ-та шыққан Батыс барлау агенттіктерінің бағалауына қайшы келеді.
Путиннің айтуынша, Ресей Украинаның 6465 тұтқынын ұстап отыр. Оның сөзінше, Украинада ресейлік 1348 тұтқын бар. Мұндай ақпаратты ұзақ уақыттан бері екі жақтың ресми өкілдері айтпаған еді. Украина да бұл туралы әлі пікір білдірмеді.
Путин ядролық қарумен әлемге қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Кейін ол ресейлік тактикалық ядролық қарудың қуаты 70-75 килотонна екенін айтты.
“Оны қолдануға дейін ғана емес, солай ойлауға да жеткізбеуге тырысайық. Бірақ Батыста Ресей оны ешқашан қолданбайды деп санайды”, – деді ол.
Путин "НАТО-мен арада әскери қақтығыс болуы мүмкін бе?" деген сұраққа Ресей шабуыл жасауы мүмкін емес деп жауап қатты.
"Олар Ресей НАТО-ға шабуыл жасағысы келеді дегенді ойлап тапты. Ақылдан алжастыңыздар ма? Мына үстел сияқты ақымақсыздар ма? – деді Путин үстелді ұрып. – Бұл бос сөз, түсінесіз бе, сандырақ", – деді Путин.
Ресей Украинаға әскери басқыншылық жасар алдында Мәскеу Киевке шабуылға дайындалып жатқанын үнемі жоққа шығарып келген еді.
Еске салайық, бұған дейін Путин Қазақстанмен қарым-қатынасы туралы айтып, “дау тудыратын бірде-бір мәселені көріп тұрған жоқпын” деп айтқанын жаздық.