Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресеймен жалғыз соғысуға ешкім төтеп бере алмайды – Владимир Зеленский

Владимир Зеленский Орталық Азия елдері  бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілеріне неге сұхбат беруге шешім қабылдағанын, бейбітшілік саммиті және онда қабылдануы мүмкін шешімдер, мемлекеттердің шақырылған көшбасшылары, екінші мерзімінің заңдылығы және тағы басқа сұрақтарына жауап берді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның тәуелсіз журналистеріне берген сұхбатында Украина президенті бұл елдердің басшылары Ресеймен қарым-қатынасты бұзудан қорқатынын атап өтті.  

“Мәселен біз бейбітшілік саммитін өткізіп жатырмыз. Біз алғашқы қадамдарымызды жасап жатырмыз, қазір қадамын қалт-құлт басатын жас баладаймыз. Қолдауды қажет етеміз.  Бірақ бұл соғысқа емес, алға бастайтын дұрыс қадам.  Және біз бұрын-соңды бір үстелдің басында отырмаған еркін көшбасшыларды шақырамыз, олардың кейбірінің өз мүддесі бар, санкция салғандарды да, салмағандарды да шақырдық... Орталық Азия елдерінің басшыларын да шақырдық. Онда тұрған не бар? Бұл жерде бір ғана қорқынышты нәрсе бар, ол – Путиннің болмауы. Болды.  Яғни, осыған бола Путин орталық Азия елдерінің біріне танкімен шабуыл жасай ма, елестетіп көріңізші. Жоқ. Сонда біріккісі келмейтін елдер неден қорқады? Олар бірдеңені жоғалтып алудан қорқады. Олар тіпті Кремльмен қарым-қатынасын жоғалтып алудан қорқады. Бұл соғысты тоқтатуға көмектеспейді деп ойлаймын”,-деді Украина президенті.

Орталық Азия елдерінің экономикалық мүддесі туралы айта келе, Владимир Зеленский мұндай саясаттың тиімділігіне күмән келтірді.

"Экономика, санкциялар, сіздердің саяси көшбасшыларыңыз дұрыс деп санайтын дүниелер ештеңе бермейді. Олар одан не ұтады? Ақша? Ақша бүгін бар, ертең жоқ, одан арғы күні сіз мұнай немесе газға балама энергия көзін таптыңыз делік, ал мұнай мен газдан табыс табатындар қайдан табыс табады?  Мұның бәрі синусоидалы! Бірақ құндылықтар мәңгілік: құрмет, адамдар арасындағы достық. Менің ойымша, моральды құндылықтар өте маңызды",-деп атап өтті Зеленский.

Ресеймен бірге орталық Азия елдері бар ұйымдар туралы сұраққа Украина президенті бұл ұйымдар толыққанды одақтар екенін айтты.

Тамара Вааль, Қазақстан, "Власть": Соңғы екі жыл үш айда Украинаға Орталық Азия елдерінен көп журналистер келді.  Олар жақсы репортаждар жасап, сұхбаттар  ұйымдастырды. Олардың кейбіреуі сізбен сұхбаттасуға өтініш білдірді. Алайда, түсінікті себептермен, уақыт тапшылығынан болар, жауап болмады. Ал қазір неге Орталық Азиядан журналистерді шақырдыңыз?

Владимир Зеленский: Мен сіздердің барлық ақпаратты өз көздеріңізбен көріп алғандарыңыз дұрыс деп есептеймін. Мен сіздерге ешқандай ақпарат бергім келмейді. Бәрін өз көздеріңізбен көріп, аралап көргендеріңізді қалаймын. 

Мен үшін сіздердің елдеріңіздегі адамдар соғыстың нақты зардаптарын, орыс әлемі не әкелетінін және сіздердің елдеріңіздің аумағына не әкелуге тырысатынын білуі өте маңызды.

Менің  ешкімді қорқыту ниетім жоқ.  Бірақ мен үшін алдын ала хабардар және ескертілген адам мықтырақ.  Сондықтан мен үшін олардың "біз "Қазақстанмен, Өзбекстанмен доспыз, бұл біздің бауырларымыз, т.б." деуі -  өтірік. Маған сеніңіз, мұның бәрі бір-ақ секундта болады: алдымен қай жерде орыстар бар, сол жерге басқыншылық жасалады. Олар кез-келген жерден себеп ілік іздей салады. Содан кейін қандай да бір ауданды басып алады. Біз жай ғана тыныштандырып жатырмыз, көмектесіп жатырмыз деуі мүмкін. Ал соңы немен аяқталары белгілі. Егер сіздің халқыңыз немесе сіз  Ресейдің құрамына кіруге қарсы тұрсаңыз, сіз міндетті түрде кең ауқымды шабуылға тап боласыз және әрине, өлім мен соғыс күтіп тұр.

Гүлнар Бажкенова, Қазақстан: Біздің елдеріміз Еуразиялық Одақ, кеден одағы, әскери одаққа, ҰҚШҰ-ға мүше.  Яғни, бұл Ресеймен стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың қарым-қатынасы. Бұл сіз үшін кем дегенде осы елдерге автоматты түрде сенімсіздік дегенді білдіре ме?

Владимир Зеленский: Бізбен бірге соғыспайтын елдер бізге жау деп ойламаймын. Сіздердің елдеріңіз бізге дос болғанын қалаймын. Және халықтарыңыздың бізге дос екеніне сенемін. Мен елдердің Украинаға қатысты саясаты достық бағытта болғанын қалаймын. Біз соғыспаймыз және оны жасамауымыз керек. Біреу дос болғысы келмесе де, ынтымақтасу керек. Құндылықтарды құрметтейтін, тәуелсіздікті, демократияны және өз таңдауыңды, тіліңді, мәдениетіңді құрметтейтін әділ, адал әлемде өмір сүре білу керек.

Ресеймен әскери және стратегиялық одаққа келетін болсақ, сіздердің елдеріңіздің ешқайсысында Путинмен стратегиялық одақ болуы мүмкін емес. Сіздің елдеріңіз бүгінде Кремль мен Ресейдің саясатына ықпал етпейді. Ресей үлкен, экономикалық және әскери жағынан сіздің елдеріңізге қарағанда күшті. Бұл әрқашан олар үшін сіздің тәуелсіздігіңізді шектеудің ең үлкен мүмкіндігі.

Сондықтан мен сіздің мемлекеттеріңіздің көшбасшылар деңгейіндегі Ресеймен байланысы олардың тепе-теңдікті сақтауға тырысқандығына байланысты деп санаймын. Олар Путиннен қорқады.

Бұл Орталық Азияның үлгісі емес,  азиялық бағыттың немесе жаһандық Оңтүстіктің де емес. Ұзақ уақыт бойы бұл бүкіл әлемде үрдіс болды. Барлығы аңды оятып алмау үшін орыстармен, олардың саясатымен — экономикалық, әскери және т.б. тепе-теңдікті сақтап келді. Бірақ бұл аң қашан оянатынын ешкімнен сұрамайды, қалаған кезінде оянады.

Путиннің адам өміріне, құндылықтарына түкіргені бар. Ол аз десеңіз, оған кімнің қай тілде сөйлейтіні де керек емес. Керек десеңіз, ол өз халқының,  азаматтары мен әскерлерінің өміріне пысқырмайтын адам.

Талқылау