Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Видеодағы бала жетім: Ақтөбеде тәрбиеші сүлгімен сабаған жеткіншек жайлы жаңа деректер анықталды

Ақтөбеде шипажайда сүлгімен сабалған бала жайлы жаңа деректер анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.

шипажайАқ халат киген әйелдің баланы киіммен аяусыз сабалап жатқан видеосының әлеуметтік желіге жариялануы сол екен, Ақтөбедегі шенділер аяғынан тік тұрды. Бұл жағдай облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезінің «Шағала» шипажайында болған. Емдеу мекемесінің басшысының өзі үш күн өткеннен кейін біліп отыр. Ешкімнен шағым болмады, дейді.

«Түс қайта балаларды ұйықтатын бөлмеден ойнататын бөлмеге апарған. Өзінің айтуы бойынша, тек бір баланы ұрған. Бір бала қарсы сөйлеп, жаман сөздер айтқан тәрбиешіге. Жұмыстан шеттетеміз. Өзімізде өндірістік жиналыс өткізіп, тартылады, қасында болған тәрбиеші көріп тұрып, тоқтатпағаны үшін ол да жазаланады», -  деді шипажайдың бас дәрігері Серік Жаңылсынов.

"Баладан боқтық сөз естіген соң, қолыма түскен киіммен сабалап ұрдым" деген тәрбиеші шипажайда 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді екен. Жасы 57-де. Әріптестері бұрын-соңды мұндай өрескел қылығын байқамадық, дейді.

Тәрбиешіден таяқ жеген 10 жастағы баламен қазір психологтар, мамандар жұмыс істеп жатыр. Оқушы Қобда ауданынан, өзі отбасылық үлгідегі балалар үйінде тәрбиеленген екен. Жетім бала.

Шипажайға емделуге келгеніне де көп бола қоймаған. Оның қаншалықты зардап шеккені сараптаманың қорытындысынан соң белгілі болады. Шипажайда қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар тәрбие жұмыстарынан бөлек, ем-шаралар қалай жүргізіліп жатқанын, емделуші балаларға жағдай жасалған ба жоқ па, барлығын тексеретін болады. Ал бейнежазбада тәрбиешілер аяқ киіммен ұратынын айтып тұрған оқушыны ата-анасы бір аптаға үйіне сұрап алып кеткен.

«Алматы аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бабы бойынша іс қозғалып, тергеуді бастады. Бірнеше сот-медициналық сапартама тағайындалды», - деп мәлімдеді облыстық ПД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Бұл шипажайда өкпесінде дерті бар балалар емделеді. Дәрігердің жолдамасымен келген жеткіншектер 3 айдан 6 айға дейін жатып ем қабылдайды. Қазір шипажайда 106 оқушы жатыр.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде баланы сүлгімен сабаған тәрбиеші түсірілген видео таралған еді. 

Талқылау