Маңғыстауда вакцинация паспортын сатып алған әйел коронавирустан көз жұмды
Маңғыстау облысында жан сақтау бөлімінде вакцинация төлқұжатын сатып алған әйел қайтыс болды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Біз басынан бастап вакцинацияны әділ өткіздік. Қазір екпе егу пункттерінде бейне бақылау камералары орнатылған. Бұған дейін Маңғыстау облысында төлқұжат жасату фактілері туралы хабар келіп түскен болатын. Полиция департаментінің мәліметінше, Ақтаудағы №1 қалалық емханасында осындай жағдай тіркелді. Өкінішке қарай, бұған дәрігерлер мен медбикелердің қатысы бар екені анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұдан өзге деректер тіркелмеді", – деді Қалмұратова.
Оның айтуынша, биыл Маңғыстау облысында COVID-19 жұқтырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда бес есеге өскен. 2021 жылдың басынан бері 19 337 ауырған. Ал стационарлық ем алғандар 14 мыңға жуық. Олардың ішінде 89 адам вакцинаның бірінші компонентінен кейін вирус жұқтырған. 65 адам екінші компоненттен кейін стационарда емделген.
Әкім орынбасары хабарлағандай, ауруханаға түскен науқастардың арасында вакцинация төлқұжатын сатып алған әйел болған. Науқас өзге ауданда жалған вацинация төлқұжатын алғанын мәлімдеген. Бірақ, өкінішке қарай, әйел жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
"Мұнда екі жақ та кінәлі. Өзімізді осылай алдаймыз. Бұл вакцинадан қорыққандықтан болады", – деп қосты Гүлмира Қалмұратова.