Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Вакцина салдырғаннан COVID-пен ауырмайсыз деген сөз емес": Қазақстандық дәрігерлер коронавирусқа қарсы отандық және ресейлік вакцина жайлы ойларын айтты

Бір жылдан астам созылған коронавирус пандемиясы мен оның салдары бүкіл әлем ғалымдарының ізденістерін  онымен күресуге бағыттады. Бұған дейінгі болжамдар бойынша, пандемияны тек вакцина мен ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы тоқтата алады. Ғалымдардың ізденісі нәтижелі аяқталып, бірнеше елдің фармкомпаниялары алғашқы вакциналарын шығаруда. Қазақстан ғалымдары да көштен қалмай, өз вакцинасын қазір сынау үстінде. Одан басқа көпшілікпен жұмыс істейтін бюджеттік санаттағы қызметкерлерге ресейлік вакцинаның алғашқы топтамасы алдырылды. "Спутник V” мен отандық "QazCovid" вакциналары қаншалықты сенімді? Stan.kz ақпарат агенттігі мамандардан қандай вакцинаның әсері ұзақ уақытқа сақталатыны, ұжымдық иммунитет қалыптастырудың жолдарын сұрады. 

 

Вакцинацияның респираторлық аурулардың таралуы мен оны бақылаудағы рөлі қандай?

 

Медицина ғылымдарының кандидаты, балалар невропатологы Қайырғали Көнеев вакцинация иммунитеті төмен балалар мен созылмалы аурулары бар адамдар үшін қажет екенін айтады. 

"Респираторлық инфекциялардың таралуында, мәселен, ЖРВИ кезінде вакцинацияның рөлі соншалықты басым деп айта алмаймыз. Себебі вакцина тұмаудың таралуына бөгет бола алмайды. Алайда вакцинация жиі ауыратын балалар мен иммунитеті төмендерге, созылмалы аурулары бар ересектер үшін актуалды болып табылады. Тұмауға қарсы вакцина егу ақылға қонымды. Дегенмен тұмауға қарсы вакцина салдыру оның таралуына бөгет бола алмайды", - дейді дәрігер. 

Маман респираторлық инфекциялардың таралуына әсер ететін факторларды тізіп шықты:

  • Инфекцияның веруленттігі, яғни оның потогендігі, қаншалықты агрессивті екенін білдіреді. 
  • Халықтың иммундық "қабаты". Осы инфекцияға қатысты ұжымдық иммунитет қалыптастыруы. Демек ұжымдық иммунитетті қалыптастыруы вирустың веруленттігін төмендете бастайды, вирус агрессивтілігі төмендейді. 

Ұжымдық вакцинация қалыптастырудың жолдары қандай?

 

Көнеевтің айтуынша, ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың ең тиімді жолы - вакцинация.

"Алайда Қазақстанда эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыра алмаудың кесірінен жазда еліміздің жартысынан астам халқы коронавирустық инфекциямен ауырып шықты. Көбі жеңіл формасымен ауырғанын атап өткен жөн. Ал ауыр жағдайлардың есебінен денсаулық сақтау жүйесінде жағдай ушықты. 

Өздеріңіз білетіндей, мамыр, маусым, шілде, тамыз айларында былтырғы жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп адам көз жұмды. Статистика комитеті нақты сандарды айтпай отыр. Пандемия орын алғаннан кейін біз сенімді түрде өлім коронавирустық инфекциядан тіркелгендігін айта аламыз. Қазақстандықтар ұжымдық иммунитетті жазда қалыптастырды деп айтуға болады. Алайда бұл бізге оңайға соқпады: 14 мың қазақстандық құрбан болды", - дейді дәрігер. 

Айтуынша, қазақстандықтар ұжымдық иммунитетті әлдеқашан қалыптастырған.

"Сандж" қоры әлеуметтік зерттеу жүргізіп, тамыз айында 3,7 миллион адам коронавируспен ауырғанын анықтады. Жандарбек Бекшиннің мәліметтері бойынша, Алматының 55% тұрғынында коронавирус инфекциясының антиденелері бар. Демек біз ұжымдық иммунитетті әлдеқашан қалыптастырғанбыз. Сондықтан жаппай вакцинациялану Қазақстан үшін актуалды емес. Жаппай вакцина салдыру Еуропа, Ресейдің еуропалық бөлігі үшін, Израиль үшін қажет", - дейді Көнеев. 

 

Халық вакцинация дегенде неге төбе шашы тік тұрады?

Жетекші инфекционист Динагүл Баешева вакцинаға қатысты үрей бүкіл елде орын алып жатқанына қарамастан, дүниежүзінде адамдар өз еріктерімен вакцина салдырып жатқандығын айтады. Оларды ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ. Сатып алып та салғызып жатыр, дейді дәрігер.

"Көп жерде вакциналар жасалып жатыр. Миллиардтаған вакцинаны сізге кім дайындап береді? Бұл қазір стратегиялық объектіге айналып отыр. Үкіметте отырған білімді адамдар қазір вакцина жасап, инфекциядан сақтанудың жолын іздеп жатыр. Ал немқұрайлылар жеңіл-желпі әңгімеге әкеліп, халықты қырып салады", - дейді ол. 

Бұл тенденция тек Қазақстанда ғана емес, барлық әлемде байқалып отыр. Екпе салдыруға қарсылық барлық елде күшейіп келеді, дейді Қайырғали Ысмағұлұлы. 

"Өкінішке қарай, медициналық қоғамдастықтар екпеге қарсылықты жеңе алмай келеді. Одан бөлек, вакцина шығаратын фармацевтикалық компаниялар өздерінің абыройларын төгіп жатыр. Вакцина шығару көп жағдайда бизнеске айналып бара жатқаны көріне бастады. Әсіресе, COVID-ке қарсы вакциналарға қатысты. Қазақстандықтардың бәріне вакцина егудің эпидемиологиялық қажеттілігі жоқ болғанымен, оны жаппай салдыру тәртібін енгізді. Көріп отырғанымыздай, коронавирустық инфекцияның таралуы вакцинасыз-ақ, төмендеп жатыр", - дейді ол. 

 

"Спутник V” - векторлы "QazCovid" - инактивті вакцина: Қайсысында антиденелер ұзағырақ сақталады?

Көнеев бұл вакциналардың қайсысы ұзақмерзімге тиімді болатынын ешкім айта алмайды дейді. Айтуынша, егер вакцина 3-4 айға ғана тиімді болатын болса, оны салдырудың қажеті де шамалы.

"Lancet ғылыми журналы "Спутник V” вакцинациясының үшінші кезеңінен кейін тиімділігі 91 пайыздан жоғары екенін жазды. Әрине, егер 3-4 айға ғана тиімді болатын болса, мұндай вакцинаның қажеті де шамалы. Коронавирус инфекциясының таралуына әсер етуі үшін кем дегенде вакцинаның бір жылға дейін ықпалы болуы керек. "Спутник V” мен "QazCovid" вакциналарының біріне сенімділік жоғары, біріне төмен деп айтуға болмайды. Инактивті вакцинаның иммундық жауабы тұрақты әрі ұзақ уақытқа сақталуы мүмкін. Алайда мұның бәрі болжамдар.

Векторлық вакцинада вирустың бір бөлшегі ғана иммунитетті қалыптастыруға қатысады, инактивті вакцинада бүкіл вирус қатысады. Инактивті вакцинаның антиденелері ұзақ уақытқа сақталуы мүмкін, бірақ нақты ғылыми дәлелдемелер жоқ екенін айта кету керек", - дейді дәрігер. 

Вакцина салдырғаннан COVID-пен ауырмайсыз деген сөз емес, дейді Динагүл Баешева.

"Спутник V”- да антиген ғана бар. Демек жасушаларға агенттер жайлы ақпарат беріледі. Адам вирусқа дайын болады. Бұл соғыс алдындағы жаттығу тәрізді. Шынайы инфекция келгенде ол адам ауырып қалуы әбден мүмкін. Бірақ қатты ауыр дәрежеде ауырмайды, бастысы -  одан адам өліп қалмайды. Вакцина салдырғаннан ковидпен ауырмайсыз деген сөз емес, ауырасыз, бірақ ауруды анағұрлым жеңіл өткізесіз", - дейді инфекционист. 

"Векторлы вакцинаға антиген, ал QazCovid-ке толықтай вирустың өзін енгізеді, бірақ бұл жағдайда ол өлі вирус болады. Отандық вакцинаның болашағы бар. Себебі Қазақстанда Совет одағынан қалған ғылыми зертханалар бар екенін айта кету керек", - дейді дәрігер. 

 

Вакцинаны бірнеше рет салдыруға бола ма?

Ең біріншіден, адам ағзасында антиденелер бар-жоқтығын тексеру керек. Болған жағдайда вакцина егудің қажеті жоқ, егер антиденелер болмаса, егу керек, дейді Қайырғали Ысмағұлұлы.

"Иммундық жауап қалыптастыруға қанша вакцина қажет болса, сонша рет салдыру қажет. Әсіресе, осал топтағы азаматтарға қатысты. Жеке басым, медқызметкер болғандықтан осы топқа жатамын, сондай-ақ, кейбір созылмалы ауруларым бар. Коронавируспен ауырмаған болсам және оған иммунитетім болмаса, маған вакцина салдырған дұрыс болады", - дейді ол. 

 

Pfizer вакцинасын Қазақстанға әкелу елді одан бетер дүрліктіре ме?

"Pfizer вакцинасын еккендер арасында өлім тіркелгені жайлы жағдайларды зерттей келе науқастардың өлімі вакцинаға байланысты болмағаны анықталды. Егер шын мәнінде осындай жағдайлар орын алса, Pfizer-ді шығаратын компанияларға шағым түсер еді. Бұл сұрақты зерттеу керек деп есептеймін. Мен қауіпсіз вакцинацияны жақтаушылар қатарындамын", - дейді ол. 

 

Қытайлық вакцина жайлы не білеміз?

Қайырғали Көнеев Қытай вакцинасы өзін қауіпсіз етіп көрсетті, дейді. 

"Үнді вакциналарына қарағанда бұлардың жағымсыз салдары аз. Сондықтан қытайлық вакциналар өзін жақсы көрсетіп отыр. Алайда коронавирусқа қарсы қаншалықты тиімді болатынын бағалау қиын. Қазақстанда қызылша, қызамыз, паратиф ауруларына қытайлық вакцина егіледі", - дейді дәрігер. 

 

Вакцинаны кімге салуға болмайды?

Динагүл Баешева коронавируспен ауырғандар 6 айдан кейін ғана вакцина салуға болатынын айтады. Айтуынша, коронавирустың қауіпті тұсы - белгілерінің анық байқалмайтыны, дейді.

"Мен коронавирусты өте ауыр дәрежеде өткіздім. Көп журналистер үйге келді, онымен қоса, ауырып жатқан балаларды өте көп қарадым. Менің организміме түскен вирустар көбейіп кетті. Коронавирустың қауіпті жері үлкен адамдарда белгілері анық көрінбейді, ештеңе болмағандай жеңіл-желпі белгілер ғана байқалады. 

Екі аптадан кейін жағдайым нашарлап, он күн жансақтау бөлімінде жаттым. Өкпемнің 75 пайызын вирус жайлап, содан әлі 32 пайызы қалыпқа келген жоқ. Одан басқа коронавирустан ағзаға зақым келді. Сондықтан бұл аурудан толық емделген жоқпын", - дейді ол. 

Қайырғали Көнеев ресейлік те, отандық та вакцинаны екпейтінін айтады. Оның себебі, отандық вакцина шығарушының бұкіл әлем жаңа бетпе-бет келген пандемиямен күресуде тәжірибесі де, ресурсы да жоқ.

"Біздің кенеттен коронавирусқа қарсы вакцинаны жасап шығарып жатқанымыз сұрақ туындатады. Ресейлік вакцина тез жасалды, саясиландырылған вакцина. Олардың мақсаты сапалы вакцина жасау емес, тез жасап шығару болды. 

"Спутник V” Ресейде тіркелмегендіктен, әлі Қазақстанда да тіркелген жоқ. Оның себебі Ресейде вакцинаны тіркеу Қазақстанға қарағанда ұзақ уақытты талап етеді. Тіркелмеген препаратқа сенім де сәйкесінше аз болады", - дейді ол. 

Айтуынша, медқызметкерлерге вакцина егу ерікті-мәжбүрлі түрде жүзеге асып жатыр.

"Қалай болғанда да вакцинациядан бас тартқан медицина қызметкерін кейбір көрсеткіштер бойынша оны жұмыс бабында шектейді. Медицинада жүрген адам өзінің бойында антиденелер болмаған жағдайда вакцина егеді, қауіпсіздік сақтайды деп ойлаймын", - дейді дәрігер. 

 

Талқылау