"Вахтерша апайды көндіріп қойыпты": Қарақат Әбілдина Қыдырәлі Болмановпен қалай танысқанын айтты
Танымал әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина болашақ жарымен қалай танысқанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Төрлетіңіз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жұлдызды жұп тойда танысқан.
“Генерал ағамыздың тойы болып, соған шақырылдым. Сол кезде “АБК” тобы да келіп, өнер көрсетті. Әншілерді жақыннан өмірі көрмегенмін. Қатты әсерленгенім есімде. Мені жатақханамнан сұрап, таныс аға мен апа алып барды. Тойда “Сары бидай” әнін айттым. Біз отырған үстелге өнерлерін көрсетіп, “АБК” тобы да жайғасты. Жұлдыздарға көз тоқтатып қарай алмаймын, олар маған қарап отыр. Қыдыкеңмен жанарымыз түйісіп қала берді. Антракт кезінде автограф сұраған кезде Қыдекең "Мен сені шығарып салсам, қайда тұрасың?" деп, мен "Аға-апа алып келді, сол кісі алып барады" дедім. Бірақ мекенжайымды айтқанда, консерваторияның жатақханасы екенін түсінді. Қай бөлмеде тұратынымды білмейді. Той керемет өтіп, мені аға мен апам жатақханаға әкеліп тастады”, – дейді Қарақат.
Өнер иесінің айтуынша, көп ұзамай жатақханаға өмірлік серігі іздеп келген.
“Тойдан әкелген 4-5 қалта сарқытымды шашып жіберіп, шай ішіп отырсақ, дәлізде “Қарақат!” деген дауыстар шығып жатыр. Менің 1-курс кезім, ешкімді танымаймын. Менен басқа да Қарақаттар бар шығар деп отыра бердім. Бір кезде дауыс үдей түсті. Басымды шығарып, "Мен Қарақат" деп едім, жоғары курстың қыздары "Қыдырәлі Болманов саған кім болады?" деді. Шошып кеттім. "Ағам" дедім. "Сені төменде ағаң күтіп тұр" дейді. Сол күні сағат түнгі 12-де Қыдекең жатақханаға келіп, қар жауып тұр далада, қарды жинап, терезеге лақтыра берген. Қыздар шықса, "Қарақатты шақырып жіберіңдерші" деген. Әдетте вахтерша апайлар ұрысқақ болатын. Бұл кісі оны да көндіріп қойған. Үстімде халат, аяғымда жатақхананың ішіне киіп жүрген тәпішкемен шығып, мейрамханадан барып шай ішіп келдім. Сондай қызық болған”, – деп еске алады әнші.