Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйлеріміз қисайып қалды": Шымкентте мемлекет тарапынан баспана алған тұрғындар наразылық білдірді

Шымкентте жылдар бойы кезекте тұрып, биыл ғана жалдамалы пәтерге қол жеткізген мүгедектер мен көпбалалы отбасылар өкініп отыр. Жарты жыл ғана болған үйлер шөгіп, қабырғасында сызат пайда болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап. 

Мемлекеттік бағдарламамен үй салған компания ғимараттардың арасын құрылыс алаңына айналдырыпты. “Оңалту орталығын саламыз” дегендер үлкен шұңқыр қазып бассейн ашпақшы.

Соның салдарынан жарты жыл ғана болған үйлер шөгіп, қабырғасында сызат пайда болған.

Тоғыз қабатты үйлер желтоқсан айында ғана берілген. Мұнда пәтер кезегінде жылдап тұрған мүгедектер мен көпбалалы отбасылар жалдамалы пәтер ретінде енді алып жатыр. Бірақ қоныс тойына қуанып жүргендер көрінбейді. Себебі үш үйдің ортасында құрылыс тоқтамаған. Екінші қабаттағы терезелерді темір шатыр көлегейлеп, баспаналарға қауіп төніп тұр дейді тұрғындар.

“Қарапайым өрт қауіпсіздігіне мүлдем сәйкес емес қой. Өрт бола қалса, мамандар екінші қабатқа дейін ғана көтеріледі. Ал 5-ші, не 9-шы қабаттан шықса қайтпекпіз? Одан қалса құрылыстың темір шатыры терезелерімізді толықтай жауып тұрады. Оның үстіне қар мен жаңбыр суы терезе арқылы үйімізге кірмей ме?” – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айжан Мұсақанова.

Құрылысшылар үйлердің ортасында үлкен бассейндер болады деп ашық айтыпты. Қалың бетон астында үлкен шұңқырлар бар дейді. Қолданысқа берілгеніне жарты жыл ғана болған көпқабатты үйлер қисайып барады дейді.

“Ертең ол бассейннен көгерген иіс шығады. Басқа болады. "Су қайда кетеді" деген нәрсе біздің ойымызда. Біздің әрең қол жеткізген үйімізді ертең отырып қалса, бізге үкімет қайтадан үй бермейді ғой. Сосын кімге беріп жатыр, оны да ойлану керек шығар. Негізі мүгедектер тұрып жатыр. Бізге білгенін істей беруге болмайтын шығар, әлеуметтік осал топқа не істесек соны істейміз деп”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нағима Өтенова.

Құрылысты салып жатқан "Атамекен" компаниясы үйдің бірінші қабаты коммерциялық мақсатта пайдаланылады дейді. Сондықтан бұл жер оңалту орталығы болады деп ашық айтты. Ал бассейн туралы нақты жауап бере алмады.

Бұл компанияға құзырлы орындардың да тісі батпайтын сияқты. Себебі, тиісті басқармасы салынып жатқан құрылыстың заңсыз екенін және үй арасындағы жерді пайдалануға рұқсаты жоқ деген шешім шығарған. Бірақ оны орындаған  ешкім жоқ.

“Заңсыз дегенде, бұл жер тиісті құжатсыз, яғни тиісті құқықсыз, біріншіден. Одан кейін жобалау  техникалық сметалық құжатсыз салынған. Ол екінші шарасы. Сотқа жіберілгені сәулетқұрылыс басқармасын хабарландыру керек, осы жерде құрылыс жүргізіліп басталғаны туралы. Сол талап орындалмаған. Сол шара көрілген”, – дейді Шымкент орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы Досхан Садықов.

Ал көрілген шарасы 148 мың теңге айыппұл арқалаумен бітіпті. Сондықтан өздігінше құрылыс салып жатқандар жақында құжат дайындап аламыз деп сенімді отыр. Ал құрығы қысқа жарымжан тұрғындар енді кімге шағымданарын білмейді.

Талқылау