Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйін сатты деп қол қойғызған: Алматы облысында көп балалы отбасы орыс тілін білмегені үшін үйінен айырылып қалды

Алматы облысында көп балалы отбасы орыс тілін білмегендіктен алдымен жерінен, кейіннен үйінен айырылған. Сот орындаушылары үйінен қуып шыққан соң қазір әркімнің үйін жалдап тұрып жатыр.

Бұл туралы "Сөздің шыны керек" бағдарламасында айтылды. 

Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 2017 жылдың 30 қаңтарында көп балалы әке Абай Ерболат пен Александр Ким деген азамат сату/сатып алу келісім шартын жасайды. Келісімге сәйкес, Абай Еболат осы ауылдағы Жастар көшесіндегі жер телімін екінші азаматқа сатқан. Дәл осы құжат рәсімделіп жатқанда жер иесі мен оның әйелі Ардақ Кемелханқызы үйінің сатылып жатқанын түсінбеген. Себебі жас жұбайлар орыс тілін мүлде білмейді. Нотаруисты ақшасын өсіммен қайтарып береміз деп ертіп барған Нағима есімді азаматша да келісім мазмұнын түсіндірмеген. Үйлерін кепілге қойып, қарызға ақша алдық деп түсінген ерлі-зайыпты бір жыл бойы ортадағы делдалға ай сайын 72 мың теңге төлейді. 

Осы келісім шарт жасалған күні 144 мың теңге және қызметтің өтеуі деп 200 мың теңге алған. Ерлі-зайыптылар үйдің жаңа иесі келгенде ғана үйді сатқандарын түсінеді. Жаңа қожайын сотқа шағымданғанда Ардақ Кемелхан мен Абай Ерболат 5 баласымен бірге жауапкер ретінде танылып, үйден шығуға міндеттеледі. 

Монғолиядан көшіп келген отбасы қосымша қаражат алып кәсіптерін дамытқысы келеді. Базардағы әріптестерінің айтуымен, Нағима деген кісіден 1 млн теңге ақшаны өсімге алады. Қарызға ақша берген адам отбасының орыс тілін білмейтінін пайдаланып, үйді сатып алу/сату құжатына қол қойғызған.

Нотаруиста аудармашы орыс тілін түсінбегендерге келісім мазмұнын түсіндіруге міндетті. Алайда бұл қызметтің ешқайсысы болмады, дейді ерлі-зайыпты. Олар қарызға алған соманы да бүтіндей қолына алмаған. 

Қорғаушы Меркібек Маркенбаевтың айтуынша, делдал алдын ала 346 мыңды алады. Одан бөлек құжаттарға қол қойғызады. 

Ардақ Кемелхан мен Абай Ерболат келісім шарт жасаған адаммен делдалдың атына шағым түсіреді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. 

"Жер теліміне алынған үйді заңсыз түрде өз атына аударып алған. Аталған факті бойынша "Алаяқтық" бабы бойынша іс қозғалды", - деді Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.

Екі сот отырысында да Александр Кимнің әрекеті заңды деп танылған. 13 қараша күні үшінші сот отырысы болды.

Ким отбасының өзіне қолхат жазғанын айтып, мүлде басқа адамның атына жазылған қағазды көрсетті.

"Маған қолхат жазып берді қазақ тілінде. Мен оларды үйден қуып шыққан жоқпын. Маған қандай шағымдары бар енді", - деді Александр Ким. 

Талқылау