Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дым болмады деген күннің өзінде 700 мың теңге табамыз": Үйге тапсырыспен шығатын аспаздар жалақылары мен қызметтері жайлы айтты

Қазіргі таңда ауқатты отбасылар немесе бір емес, бірнеше жұмысты алып жүрген әйелдер жағдайы жетсе, жалдамалы аспаз шақырады. Ал сол аспаздардың осы қызметі қанша тұрады? Stan.kz тілшісі қазақстандық жалдамалы аспаздармен байланысып, айлық табысы қанша екенін және өз жұмысындағы қиындықтары туралы сұрап білді. 

аспаз

Алматылық аспаз Мақпал Нұрғалиева өзін сұранысқа ие мамандардың бірімін дейді. Ол үйіне күнделікті тамақ жасауға шақыратындардың қарасы көп екенін де атап өтті. Көбіне тойға, мерекеге дастархан жаюға шығатын ол үйге күнделікті ас әзірлеуге уақыты бола бермейтінін айтады. Десе де қол астындағы аспазшы қыздарды клиент өтінген күндерге жіберетінін жеткізді. 

"Күнделікті ас әзірлеуге шақыратын адамның қарасы көп. Бірақ өзім емес, қол астымдағы қыздарды жіберемін. Көп жағдайда жартылай дайын өнімдерді жасап, мұздатқышқа қатырып кетеміз. Аптасына бір-екі рет барамыз. Бірақ көп жағдайда манты, тұшпараны түйіп, жартылай дайындап береміз. Өздері жұмыстан келгенде тек қайнатып жей беретіндей. Қамырын қолмен жайып, етті фарш етіп, бәрін қолмен дайындаймыз. Қазақтарда таңғы ас деген ұғым жоқ қой. Көп жағдайда түскі ас пен кешкі асқа шығамыз", - дейді ол.

Аспаздардың үйге келіп бір күндік асыңды әзірлеу бағасы да әртүрлі, келіскеніңе қарай өзгереді. 

"Баға әр түрлі. Ең арзаны - жартылай өнімді қатырып кеткен бір күндік баға 15 мың. Мысалы, мантыға тапсырыс берсе 100 данасын түйіп, мұздатқышқа салып кетеміз. 

Күнделікті ас әзірлеуге сирек шығамыз, өйткені клиенттер біздің бағамызбен келіcпей жатады. Көп жағдайда сырттан келген қонақтар, спортшылар шақырады. Бір аптаға, он күнге шығамыз. Олар қай ұлт асханасын таңдағанына, адам санына байланысты баға қоямыз. Оларға күніне 30 мыңнан басталып, ең жоғары баға 50 мыңға дейін жетеді. Сонда он күнде 500  мың", - дейді ол еңбегінің бағасы туралы. 

Ал үйге күнделікті ас әзірлеуге арнайы тапсырыс қабылдайтын Назгүлдің осы жұмысты бастағанына 10 жылдан асқан. 

"Күнделікті ас әзірлеуге тапсырыс қабылдап жүргеніме 10 жылдан асты. Тұрақты тұрде аптасына 5 күн баратын клиенттерім бар. 7 жыл болды. Кейбіреуіне тұрақты түрде 10 жылдан асты. Бір үйден алатын айлық табысым - 200 мың теңге. Бір мезгілде екі үйге қызмет көрсетіп үлгере аламын. Аптасына 1-2 рет қана шақыратын үйлер бар, олардан 120 мың теңге аламын", - дейді аспаз Назгүл. 

Осы уақытқа дейін жұмысын ұнатпай, жасаған тамақтарына мін тағатын кездері болады екен. 

"Адам болған соң қателеспей тұрмайсың. Кейде жасаған тамақ ұнамай қалады. Үй иесі "тұзы аз бопты" , "еті қатып қалыпты" деп сынап жатады. Ондайда барынша сабыр сақтауға тырысамыз", - дейді өз жұмысындағы қиындықтар туралы Назгүл. 

аспаз

Астаналық Айжан Үсіпбекованың аспаз болып жүргеніне жеті жыл болған. Ең қызығы, Айжан бұл салада жан-жарымен бірге қызмет етеді. Сондықтан елорадылық тұрғындар ерлі-зайыпты аспазшыларды жақсы таниды. 

"Жолдасым Руслан екеумізді елордада бәрі таниды. Өйткені екеуміз де аспазбыз. Астанада ерлі-зайыпты аспаздар біз ғана. Тапсырысты бөліп аламыз. Екеуміз осы аспаздық әлемінде таныстық", - деген ол тапсырыстың көп екенін жасырмайды. 

Астаналық тұрғындар да алматылықтардан қалыспай қонақ күтуде дастарханның жайнап тұруына ерекше мән беретін көрінеді. 

"Жұма, сенбі, жексенбі күндері той-томалаққа дастархан жаю үшін тапсырыстар көбейеді. Астанада аспаздарды үйіне шақыратын адамдар өте көп. Тіпті, босамай қалатын кездеріміз де өте көп. Бір күнге үш-төрт банкеттік дастарханды алатын кездеріміз болады. 

Күнделікті ас әзірлеуге үйіне шақыратын кісілер жетіп артылады. Бірақ көп жағдайда бармаймын. Осы кәсіпті қолға алған жылдары ғана бардым. Ал қазір үйіне шақыратын кісілердің үй қызметшісіне ас мәзірі бойынша жеке шеберлік сағаттарын (мастер-класс) өткіземін. Яғни, үйретемін", - дейді пысық келіншек. 

Алғаш үйге ас әзірлеуге барғанда тамақтың тұзын көп салып жіберіп, ыңғайсыз жағдайға түскенін айтқан Айжан ондай жайттар арасында болып тұратынын айтты.

аспаз

"Сол кезде үй иелері түсіністік танытты. Одан кейін үлкен кәсіпкер ағамыздың үйінде манты түйгенде үлкен үлкен етіп, түйіп жіберіп келген қонақтар алдында ұятқа қалып қалды. Осылай қателіктерді жібере отырып үйрендік. 

Бұл қызметіміздің бағасы айлық болып есептелді. Айына 150-200 мың теңге шығатын. Жұма-сенбі күндері қонақ келіп жатса, онда бөлек үстіне тағы да 25 мың теңге бересіз. 

Қазір үйге шығатын аспаздар күніне 15 мың теңгеден алады. Ал жұмыс тәжірибесін енді бастап келе жатқан аспаздар 7 мың теңгеден бастайды. Ал өз бағасын білетін өте тәжірибелі аспаздардың қызметі 15 мыңнан басталып, 25-30 мың теңгеге дейін алады. Бұл кезде жай ғана үй тағамдары ғана емес, теңіз өнімдері, еуропалық ас мәзірін ұсынады. Сондай-ақ, дұрыс тамақтану мәзірі де кіреді, ұнсыз, қантсыз десерттер жасап береміз", - дейді ол. 

Айжан өзін аспаз болудың қыр-сырын әбден үйренген әккі аспаз санайтынын жасырмайды. Сөзінше, қазіргі айлық табысы миллиондармен саналады.

"Айлық табысымыз қаңтар айына дым болмады деген күннің өзінде 700 мың теңгеге жетті. Ал ең көп тапқанымыз 2 миллион теңгеден асады. Бұл - демалыс күндері тойға арналған дастархан жайып беретініміз үшін алған ақша. Ал апта күндері командадағы қыздар күнделікті аптасына екі-үш күнге тұрақты түрде үйге барып ас әзірлеп беріп кетеді", - дейді  аспаз Айжан. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау